Масылдық – қоғам дерті. Деніқарны сау адам масылдыққа ұрынды дендегені сондай, шын мұқтаж бен масылдықтың аражігін айыра алмастай хәлге жеттік. Қанымызда жоқ қасиет біздің қоғамға қалай келді? Қайтсек тіленшектік әдеттен арылмақпыз? Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған сауал төңірегінде қалам тербеген едік.Тіленшектік түбі – арсыздық. Мұны ескеріп жатқан қаракөздер бар ма? Кедейшілікті жойып, жоқ-жітіктің әл-қуат жинауына бағытталған әлеуметтік төлемдерді заңсыз иемденгісі келетіндердің ниетін немен ақтауға болады? Жарымжан болып, жұмысқа жарамсыздығының салдарынан біреуден көмек сұрауға мәжбүр болып отырса жөн-ақ. Дені сау азаматтар жас кезінде білім алудан қашып, есейгенде еңбек етуді қиынсынып, алақан жаюды ар көрмейтіндей. Жалқаулық пен еріншектіктен туындаған масылдықтан арыла аламыз ба? Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп «Масыл болма, асыл бол!» мақаласында: «Қазір дәмету тым көбейіп кеткендей. Дәметудің арты сұраншақтық, жалтақтық, жалпақтаушылыққа, жалқаулыққа жеткізеді. Оның соңы – еріншектікке әкеледі. Еріншектіктен масылдыққа жету – бір-ақ қадам» дейді. Осы орайда атап өтер жайт, қоғамымызда толық емес отбасыларды қолдау, еңбекке жарамсыз топтағы жандарды демеу, көп балалы жанұяларға мемлекеттік көмек көрсету мақсатында көптеген жұмыстар жасалып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жыл сайын жәрдемақы көлемі артып келеді. Бұл туралы атаулы әлеуметтік көмек бөлімшесінің бастығы Бейбіт Балабеков: – «Атаулы әлеуметтік көмек негізінде қоғамымыздың аз қамтылған жанұяларына арналған, материалдық қолдау. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік» Заңында қандай азаматтарға тиесілі екені анық айқындалған. Бірақ атаулы әлеуметтік көмекке құжат әзірлеу барысында небір оқиғаларға куә болып жүрміз. АӘК алуға құжат тапсырғандардың әрқайсысын тексеріп заңсыздықтың алдын алу және қаржылардың мақсатты берілуіне талдау жасау барысында, олардың үйін аралап, қаржылай көмекті алатындардың әлеуметтік жағдайын тексеру кезінде зәулім үйде тұратын, ішкені алдында, ішпегені артында, жағдайы өте жақсы жанұяларды да кездестірдік. Үй иесі әйелінің құжат тапсырғанынан хабарсыз екенін айтып, басын алып қашса, әйелдері сүттен ақ, судан таза болып шығуға тырысып бағады. Алайда жалғандыққа барып, бармақ басты, көз қыстымен мұқтаж жандарға тиесілі қаржыға ауыз салатыны өкінішті. Одан бөлек, табысын жасырып, үйін біреудің атына жазып АӘК алуға тырысатындар да бар. Тегін ақшаны алған үстіне ала берсем, мемлекет бәріне міндетті деген пиғылдағы адамдардың көбеюінен қорқуымыз керек», – дейді. Жасыратын несі бар, біздің қоғамда АСП алу үшін ерлі-зайыптылардың ажырасуы қолдағы ата-енені өзге мекенжайға тіркеп қою, мал-мүлікті туысына рәсімдеу белең алды. Құжаттарды сөйлетсек, соңғы жылдарда ажырасу жөнінен әлемнің ондығынан түспей тұрмыз. АСП үшін ажырасқандар түбі екі жаққа бет алып, некесін сақтай алмай қалуда. Әр неке бұзудың соңында 4-5 баланың тағдыры тұр. Біз шын мәнінде қазақтың байырғы салт-дәстүріндегі «ақ некелі жар», «ақ босаға», «ақ отау» деген ұғымның қадірін қашырдық. Отау бұзудың қандай қиянат екенін ескермей, ақша үшін арымыздан аттап жүрміз. Кешегі зұлмат заманда соғыстан ері қайтпаған аналардың ошағын күтіп, отын өшірмеуінің басты себебі – «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» ұлы дала елінің ұлағатына адалдықта жатқан жоқ па? Рас, қазірде өзінің туған баласының жауапкершілігіне дейін мемлекеттің мойнына жүктегісі келетіндер көп. Тағы бір мысал, қазір қоғамымызда өз баласына алимент төлеуден қашып жүрген ауқатты жандар жетерлік. Ал әйелі жалғызбасты ана ретінде мемлекеттік көмекке мұқтаждардың есебінде тұрады. Жалпы тегін дүниеге ұмтылу, ретсіз дәмету дұрыс емес екені анық. Осы тұрғыдан алғанда масылдық қоғамның кеселі деуге болады. Жұмыс істеуге құлқы жоқ, жеңіл табыс табуға ұмтылу, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдыланған жандардың көбеюі қоғам үшін үлкен қауіп. Сондықтан бүгінгі күні масылдықтың қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. ЖҰМЫС КӨП, НИЕТ ЖОҚ Ұлтарақтай жерінен мол өнім алып, жоқтан бар жасап жатқан кейбір жерлестердің еңбекқорлығы біздің халқымызға да жұғысты болса, осынау дархан даланы тоздырмай болашақ ұрпаққа тапсырсақ мақсаттың орындалғаны болар еді. Немесе еліміздегі мамандардың жаппай заңгер, банк маманы секілді мамандықтарға түсуге талпынып, ал қарапайым токарь, темір дәнекерлеуші секілді мамандарға жарымай отыруымыз да халықтың ауыр жұмыс істегісі келмеуінің бір мысалы деуге болады. Ел ішінде 150 мың теңге айлыққа бала күтуші болып жұмыс істейтін адам табылмауы, халықтың құрылысын өзбек ағайындардың жүргізіп, ал құрылысшы болып істеуге намыстанатын жандардың көбеюі де халықтың жалқаулығына бір мысал дей аламыз. Сондықтан халық арасындағы масылдық психологиясын кеңірек түсіндіру бағытындағы жұмыстардың күшейе бергені дұрыс. Шыны керек елімізде бюджеттік мекемелерден жұмыс табу қиын болғанымен, шағын және орта бизнес саласында жұмысқа сұраныс бар. Тіпті ата кәсібіміз мал бағу болғанымен сол мал бағуға қомақты жалақыға жұмысшы таба алмай отырғандар да жетерлік. Бірнеше жыл бейнеттенсе әлеуметтік жағдайын дұрыстап алатынын біле тұра, мал бағудан азар да безер қашатын жандардың бар екенін көріп отырмыз. Кәсіп істеп қоғамға пайдалы болудан гөрі заңсыз жәрдемақы алуға ептілердің әрекетін түсіну қиын. «Алсам, ала берсем» деген пиғыл басым. Бірде бір таныс келіншек хабарласып, баласына мектеп формасын алуға көмек керектігін, қайырымдылық көмекке мұқтаждығын айтты. Бір баласын мешіт жамағаты, бір баласын «Мектепке жол» акциясы арқылы көмек берілді. Содан кейін арада бір ай өтпей, азық-түлігім жоқ еді деді. Кәсіпкерлерге хабарласып, жанашыр жандар атсалысты. Содан кейін тағы да хабарласып тұр. Бұл жолы әңгіме былай өрілді:– Кішкентайыңыз қаншада?– Үшке толды.– Жұмысқа шықпайсыз ба?– Шығар едім, АӘК тоқтап қалады, – деп тұр. Шындығында, үйде отырған келіншектердің көбі АӘК үшін жұмысқа шыққысы келмейді. Жолдасы әлеуметтік жәрдемақы ақшасына көлік алып, кент арасында такси қызметін жасайды. Ондай азаматтар қоғамдық жұмысты қайтсін? АСТЫҢ АДАЛДЫҒЫН БІЛЕСІЗ БЕ? Халықтың ортақ қазандығына қол салып, мұқтаждың ақысын жеуден артық күнә жоқ. Мұны терең тарқатсақ, Хазіреті Әбу Бәкір өзіне тамақ әкелген қызметшісінен әрдайым асты қайдан, қалай тапқанын сұрайтын еді. Бірде Әбу Бәкір қызметшісі әкелген сүт пен етті әдеттегіше тексеріп жатпай бірден ауызға алады. Астың біразын жегеннен кейін іркіліп қалады. Қызметшісінен: «Бұл тамақ қайдан келді? Қандай ақшаға алдың?» – деп сұрайды. Қызметшісі: «Надандық дәуірінде сәуегейлікпен айналысып, палшылықпен күнелтетінмін. Сол кездері пал ашып бергенім үшін бір кісі қарыз болып қалған-ды. Кеше қарызымды қайтарды. Тамақты сол ақшаға сатып алдым», – деп жауап береді. Мұны естіген хазіреті Әбу Бәкірдің өңі қуарып, боп-боз болып кетеді. Іле-шала саусағын тамағына бойлатып, өзін зорлап тұрып ішіпжегенінің барлығын құсып тастайды. Сөйтіп, ауыр өкінішпен: «Раббым, қаныма сіңіп кеткендерінің кесірін тигізе көрме!» – деп Жаратушысына дұға етеді. Хазіреті Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) өзін мұншама қинағанына таңырқаған қызметшісі: «Уа, Алланың пайғамбарының халифасы! Өзіңді неге мұнша қинайсың?» – деп сұрағанда Әбу Бәкір: «Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз құлағыммен естігенмін. Адам ағзасында бір түйір харам ас кетсе, ол тек жәһаннаммен ғана тазаратынын айтқан болатын», – деп жауап береді. Түсінген адамға, бұдан артық сөз табылмас еді. Біз шынымен мұқтажбыз ба, әлде масылмыз ба?
М.Марқабай