Бүгін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан қаласының мәдениет күндері басталды. «Visit Turkistan» орталығы алаңында жиналған көрермен қауым «Гүлденген Түркістан» атты гала-концертті тамашалады.
Мерекелік шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев арнайы қатысты. Өз сөзінде қасиетті шаһардың жаңа кейіпке еніп, рухани-мәдени әрі туристік орталыққа айналғанын тілге тиек етіп, осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтарын облыстың 5 жылдығымен құттықтап, ақ тілегін жеткізді. Түркістан қалалық мәдениет үйінің «Иассы» би ансамблінің прологымен және «Ұлы бабалар» атты театрландырылған көрініс-қойылымнан бастау алған концерт келушілерді қызықтыра түсті.
Шара барысында Түркістан облысының 5 жылда жеткен жетістіктерінен дайындалған ролик көрсетілді. Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарынан бөлек, Қазақстанға белгілі өнер жұлдызы, республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері, қобызшы Ақерке Тәжібаева, эстрада жұлдыздары Қуаныш пен Қарлығаш, «Алдараспан» театрының әртісі Шәкен Амантұров өнер көрсетті. Бұдан бөлек цирк өнері, күмбірлеген күй мен әуезді ән көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, ертең 5 тамыз күні сағат 18:00-де Этноауыл аумағында ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері мен «Көрікті ойым – суретім» фотосурет және бейнелеу өнері суретшілерінің, «Қол өнерім – мол өнерім» қолөнер шеберлерінің көрмесі өтеді. Ал 6 тамыз күні сағат 18:00-де ұлттық спорттық ойындардан сайыс және «Түркістан жетістіктері» көрмелері ұйымдастырылып, «Яссы» халықтық-этнофольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен ұлттық нақыштағы әуезді әндер шырқалады.