Қоғам

Болашақтың бағдаршамы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рухани астанамыз – киелі Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деген тақырыпта сөйлеген сөзі ұлтымыздың болашақта өркендеп өсуі үшін аса маңызды бағдар болғаны анық.Ұлттық құрылтайда стратегиялық тұрғыдан ауқымды-ауқымды мәселелер көтерілгеннен көзіқарақты жұрт хабардар.  

Былтыр, 2022 жылдың күз айында Президент сайлауы, биыл наурыз айында кезектен тыс Парламент  Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өткені белгілі. Президент «Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым» екеніне баса назар аударды. Өткен жылдың наурыз айындағы Жолдауында осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтергенінен жақсы хабардармыз. Президеттің бұл қадамы еліміздегі қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалғаны, осы маңызды қадамнан кейін жоғары және орта деңгейлердегі үкімет органдары мен бұқара арасында тікелей байланыстар нығая түсті. Осы арада айта кетсек, 2022 жылы Түркістан облысында республикалық «Әділ билер» қоғамдық бірлестігі құрылып, небәрі 7-8 айдың ішінде аяққа тұрды. Содан бері жергілікті мемлекеттік органдармен, аудан және ауылдық округтер әкімдерімен бірлесе қимылдап, ел арасында жерге қатысты, сондай-ақ отбасылық араздықтар мен өзара кикілжіңдер, тұрмыстық-әлеуметтік келіспеушіліктерді, тағы басқа да мәселелерді ушықтармай шешуде ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.

Бұл – сот саласы қызметкерлерінің онсыз да қордаланып қалған жұмыстарының оң шешілуіне көмек деген сөз. Сонымен қатар, «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің әділ билері мен алқа мүшелері қалалар мен кенттердегі, елді мекендердегі тазалық, көгалдандыру, таза ауыз сумен, табиғи газбен, электр жүйесімен қамту, аз қамтылған отбасыларын қолдау мәселелерімен де тікелей айналысуда. Осы бір ата-бабамыздан сан ғасырлар бойы келе жатқан «Билер мектебін» жандандыру үрдісі тек Түркістан облысында ғана емес, өзге де өлкелерге – Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және тағы басқа облыстардағы аудандар мен елді мекендерге үлгі ретінде таратылуда. Президентімізді іс жүзінде қолдаудың нақты бір дәлелі осы деуге болады.Ұлытаудың ұлтымыз үшін қастерлі өлке екенін тарихтан жақсы білеміз.

Екінші Ұлттық құрылтайымыздың рухани астанамыз Түркістанда өтуі – халқымыздың одан әрі біртұтас болып бірігуіне, ынтымақта болуына үлкен әсерін тигізері анық.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші құрылтайда киелі Түркістанның еліміздің тарихында айрықша рөл атқарғанын, көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болғанын, бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы болғанын қадап айтты. Сондай-ақ, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы өлкеден мәңгілік мекенін тапқаны да тегін болмаса керек.  Президентіміз Түркістан шаһарының ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келгенін, қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріптермен жазылғанын, көптеген хандарымыз осы жерде ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізгенін, қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқанын, ел-жұртын береке-бірлікке шақырғанына ерекше тоқталды. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді. Бүгінде ел ішінде қордаланып қалған түрлі мәселелер бойынша құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салып, тың бастамалар көтерді. Президент әкімшілігі соның бәрін мұқият қарап, зерделейтін болды. Ортаға тасталған салмақты ұсыныстар жұмыс барысында міндетті түрде ескертілмек.

Президент кейінгі 2-3 жылда көптеген оңды өзгерістерге қол жеткізгенімізді, бұл ынтымақ-бірліктің және сындарлы диалогтың арқасында мүмкін болғанын, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесінің қалыпқа түсіп келе жатқанын баса айтты. «Түпкі мақсаттарымызға жету үшін бізге саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың саяси сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз» деді Мемлекет басшысы.

«Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?» деген сұрақтар қояды Мемлекет басшысы. Бұл мәселеге байланысты өз ой-пікірін де ортаға салады.«Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек.Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс» дей келе, Мемлекет басшысы осы жұмыстардың нақты сегіз бағытына тоқталып өтті. Атап айтқанда, Президент мемлекеттік нышандарды жетілдіру; ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту; мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу; өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру; ақпарат саясатының тиімділігін арттырып, креативті индустрияны дамыту; мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу; шекаралас аймақтарды дамыту; мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде маңызды мәселелерді қозғап, тың бастамалар ұсынды.

Қалай болғанда да Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай мемлекетіміздің болашағы үшін бағдаршам іспетті болды десек, қателеспейміз.  

А.БАЛТАБАЕВ, республикалық «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы.

Қатысты жаңалықтар

Көліктегі авария кезіндегі іс-әрекеттер

azatmedia

Мал шаруашылығына қойылған меже орындалды

azatmedia

ЖАСТАР – БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

azatmedia