ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы бұл бағытта алдымен қолға алынуы тиіс істерді де назардан тыс қалдырмады. Мәселен, орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру туралы айтылды. Бұл жұмысқа сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін тарту жөніндегі бастама да құптарлық. Сондай-ақ, Қ.Тоқаев бұрыннан айтылып жүрген жемқорлық фактісі орын алған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігі жөніндегі мәселені заңнамалық тұрғыдан нақты белгілейтін уақыт жеткенін де айтты.
Әрине, коррупциямен күрестегі негізгі жауапкершілік мемлекеттің мойнында екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Әрі жоғарыда айтылғандардың барлығы – мемлекеттің осы бағытта қолға алған шаралары. Және Президент бастамасымен қолға алынып жатқан реформалар осы бір-екі шарамен шектелмейтіні, кешенді сипатқа ие болатыны да түсінікті. Дегенмен, жемқорлықпен күрес тек мемлекеттің емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екенін ұмытпау керек.
Қоғамның осынау дертімен күресте мемлекет пен азаматтардың өзара серіктесіп, бірлесіп әрекет жасауына не кедергі? Біздің ойымызша, бұған ең алдымен қоғамның, жеке азаматтардың елдегі құқық қорғау жүйесіне деген сенімінің әлсіздігі кедергі болып отыр. Сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталған әрбір төртінші адамның ішкі істер органдарының қызметкері деп танылуы да көңілге кірбің ұялататыны анық. Мәселен, Сіз бір жобаны қолға алу, жұмысты бастау үшін өзіңізге серіктес іздедіңіз делік. Сіздің серіктесіңізге қойылатын басты талап – сенімділік екендігіне шүбә жоқ. Сенбейтін адамыңызбен бірге бизнес бастау былай тұрсын, бірге жолға да шыққыңыз келмейді ғой.
Сол сияқты Қазақстан халқының басым көпшілігі жемқорлықтың қауіпті құбылыс екенін түсінеді әрі оның жойылғанын қалайды. Алайда, онымен күресіп, өзі білетін, куә болған, басынан өткен сыбайластық әрекеттер жайында тиісті органдарға хабар беруге құлықсыз. Себебі, бәрібір әділетті шешім қабылданатынына, нағыз кінәлілердің жауапқа тартылатынына сене бермейді. Әрі күні ертең әлгі коррупционердің жазадан құтылып кетіп, өзіне қысым көрсетуінен қорқады. Айтайын дегеніміз, жемқорлықпен күрес барысында азаматтар мемлекетпен әріптестік байланыс орнатуы үшін алдымен құқық қорғау жүйесіне деген қоғамның, халықтың сенімін қалыпқа келтіруіміз керек.
Азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімсіздігі оның қызметін реттейтін заңдардың әділеттілігіне сенбеуден бастау алады. Мұның себебі түсінікті. Бізде заң жобаларын кім әзірлейді? Сол заңмен жұмыс істейтін ведомствоның өзі әзірлейді. Бұл заң жобасын әзірлеушілер өздерінің болашақтағы жұмысы мен өмірін жеңілдеткісі келетіні түсінікті ғой. Сондықтан заңдарды да өздеріне ыңғайлы етіп жазады. Мәселен, қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекстердің жобасын ІІМ мен Бас прокуратура әзірлеген. Нәтижесі көзге ұрып тұр. Мәселен, қазір адамды пара алу фактісі бойынша күдікті деп тану ешқандай қиындық туғызбайды. Ол үшін жедел іс-шара ұйымдастыру, күдіктіні нақты ақшамен қылмыс үстінде қолға түсіру міндетті емес. Бас қатырып жатудың не керегі бар? Үстінен арыз болса жетіп жатыр. Осындай негізсіз арыздар бойынша адамдарды жылдар бойына тергеу изоляторларында қамауда ұстағаны туралы деректер мен мысалдар жетіп артылады.
Бүгінгі құқық қорғау жүйесінің жұмыс тәжірибесі шамамен мынадай: Әуелі ұсақ шенеунікті тұтқындап, оған қысым көрсету арқылы «тергеумен әріптестік орнатуға» көндіреді. Сөйтіп ол өзінің бастығын көрсетеді де, құқық қорғаушылар «үлкенірек балықты» қармаққа іледі. Мұны моральдық тұрғыда қалай бағалауға болатыны баршаға түсінікті шығар. Ал, құқықтық тұрғыда баға берер болсақ, бұл адам құқығы негіздерінің бірі – кінәсіздік презумпциясы қағидатын бұзу. Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауда «Заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ. Кінәсіздік презумпциясы қағидаты толық көлемде сақталуы тиіс» деп атап өтуі тегін емес.
Сондай-ақ, біздің елдің құқықтық жүйесіне мүлде жат «тергеумен әріптестік» туралы норманың енгізілуі азаматтардың бір-бірінің үстінен негізсіз арыздарды қарша боратуына кеңінен жол ашып бермесіне кім кепіл?! Бұл бір ғана мысал. Өкінішке қарай, біздің заңнамамызда осындай олқылықтар мен қарама-қайшылықтар әлі де жеткілікті. Егер мұны дереу шектемесек, құқық қорғау саласындағы кез келген реформа тығырыққа тірелері анық.
Қорыта айтқанда, қоғам мен мемлекет өзара бірлесіп әрекет етпейінше жемқорлықты ауыздықтау мүмкін емес. Ал, азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін қалпына келтірмесек, қоғамның мемлекетпен ынтымақтасып әрекет жасауы екіталай.
Әрине, қоғамда құқық бұзушылыққа, жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайластық фактілеріне куә болған азаматтарды тиісті органға хабар беруге түрлі жолдармен ынталандыру бағытындағы жұмыстардың да маңызы зор. Елімізде соңғы жылдары бұл бағыттар бойынша ауқымды жұмыс атқарылғанын да жоққа шығара алмаймыз. Алайда, өзара сенім мен әділеттілік болмайынша, бұл жұмыстың нәтижелі болуы қиын. Ал, өзара сенімді қалыптастыруды осы саладағы заңнамаларды жетілдіруден, дұрысы ондағы қисынсыз және әділетсіз нормаларды алып тастаудан бастау керек.
Сондықтан сөз соңында айтарымыз, қайта қабылданатын заңдар құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдететін нормаларға тағы да толып кетпеуі үшін бұл заңдардың жобасын Әділет министрлігінің ұйытқы болуымен беделді ғалым-заңгерлерден құралған тәуелсіз жұмыс топтары әзірлеуі тиіс.
Д.ТҰРСЫНҰЛЫ