Түркістан облысы Қазығұрт ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Абдиев жұмыс сапарымен барды. Халық қалаулысы Қ.Абдалиев ауылдық округіне қарасты Амангелді елді мекеніндегі «Амангелді» жалпы орта білім беретін 150 орынға арналған қосымша мектептің құрылыс барысымен танысып, құрылыстың қалай жүргізіліп жатқандығына бақылау жасады. Кездесу барысында мердігермен және тапсырыс берушімен нысандарды салу процесінде туындайтын проблемалық мәселелерді талқылады.Аталған нысан құрылысы 2022 жылдың мамыр айында басталған, қаржының жетіспеушілігіне байланысты құрылыс тоқтап, биыл наурыз айында қаржысы бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, депутат құрылысы жүріп жатқан Сарапхана ауыл округі, Майлыошақ елдімекеніндегі 200 орындық «А.Байтұрсынов» атындағы жалпы орта мектебіне де барды. Аталмыш білім ошағының құрылысын “ӨМІРЗАҚ» ЖШС жүргізуде. Құрылыс 2021 жылы басталған. Биыл желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс.Мәжіліс депутаты қос нысанды аралау барысында құрылыстың бірқатар атқарылуы тиіс жұмыстарын атап өтті. – Мектеп құрылысын осы жылдан кешіктірмеу керек. Бұл нысан партия тарапынан қазір толық бақылауда. Біздің сайлауалды бағдарламамызда дәл осы нысандарды енгізген. Осында келу мақсатымыз – жұмыстарды өз көзімізбен көріп, бақылауға алу, – деді Мәжіліс депутаты.Сондай-ақ, Ерлан Абдиев құрылыс барысы қарқынды екенін, алайда сапасына да баса мән беру керектігін айтып, облыстық құрылыс басқармасына жұмыстарды қадағалауға алуды қатаң түрде тапсырды.