«Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында әділетті мемлекет құрудың алғышарты осындай жолмен айшықталған еді. Азаматтардың мүддесін қорғау жолында елімізде еңбектеніп жүрген кәсіби білікті заңгер көп. Осы бағытта Түркістан облысында жалпыреспубликалық «Халық заңгері» науқаны өтіп, 200-ден астам тұрғынға тегін заңгерлік кеңес берілді. Тұрғындардың талап-тілегі мен өзекті сауалдарын қанағаттандыруды көздеген айтулы шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы мен «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары мен Қазақстанның үздік заңгерлері, сондай-ақ адвокаттары қатысты. «Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мен тегін заң көмегін көрсету мақсатында ұйымдастырылған науқанда өңір тұрғындары еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерінен қажетті кеңес алды. Олардың қатарында белгілі адвокаттар, нотариустар, тергеушілер, сот орындаушылар, мемлекеттік орган басшылары мен өкілдері бар», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов. Айта кетейік, 2016-2022 жылдар аралығында 150 мыңнан астам ел азаматтары 7 мыңнан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдарынан тегін құқықтық кеңестер алды. Осы уақыт ішінде «Халық заңгері» акциясының қажет екендігі байқалып, оны өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында да құқықтық жүйе жайында айтылған болатын.
Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады. Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.
Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мәселесіне менің айрықша мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Еліміз 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Ал, былтыр мен бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға бағытталған Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы Жарлыққа қол қойдым. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен бұдан басқа да бірқатар заманауи бастамалар жүзеге асырылды. Дегенмен, құқық қорғау мәселелері үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сондықтан өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санаймын. Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды. Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ. Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын. Осындай ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі. Сонымен бірге қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға тиімді қарсы тұру маңызды рөл атқарады. Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын.
Мен Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжаттар заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет. Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде. Кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп арта түсуде. Бұл ретте, Жоғары сот кеңесі маңызды рөл атқарады. Осы құрылым Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі конституциялық өкілеттігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепілдік береді. Кеңестің қызметі қоғам үшін толық ашық болуы өте маңызды. Бұған Жоғары сот кеңесінің конкурстық рәсімдерінен онлайн трансляция жасау арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар мұндай конкурстардың қорытындыларын нақты дәлелмен түсіндіріп, жариялап отырған жөн. Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді.