Түркістан қаласының әкімдігі «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Қамқорлық жанұя орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз жұмысын бастады. Орталықтың ресми ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Орталықтың мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту және Түркістан қаласында тұратын көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасылардың қиын жағдайларын еңсеруде ынтасын арттыру және қаржылық жағдайын түзеу.
Облыс басшысы тұрғындарды «Қамқорлық жанұя орталығының» ашылуымен құттықтап, ұжымның жұмысына сәттілік тіледі.
– Алдымен, Сіздерді Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға ерекше мәртебе беру мәселесін көтеріп, қазіргі таңда қаламыз жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Тарих үшін қас-қағым уақыт ішінде заманауи үлгідегі мәдени, спорттық нысандар бой көтеріп, ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Қаланың келбетімен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеру бағытында да жұмыстар ауқымды. Әлсіз топ санатына жататын азаматтарға қолдау көрсету бағытында осындай орталықтардың саны артып, сапасына үлкен мән беріліп жатыр. Жаңа орталық құтты болсын! Ел игілігіне жұмыс жасай беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Аталған орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларына қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда осы орталық арқылы аталған санаттағы тұрғындарға құқықтық, психологиялық кеңестер берілуде. Сонымен қатар орталық тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында үй жағдайында табыс тауып, өз кәсібін игеруге қолдау көрсету үшін әртүрлі бағытта курстар ұйымдастырады. Қысқа мерзімде маман атанып, сертификат алған азаматшаларға мемлекет тарапынан ұлттық жобаның қатысушысы ретінде өтеусіз гранттар және қайтарымсыз негізде несие алуға мүмкіндік беріледі. Орталықтың сүйемелдеуімен кәсіптік курстатарды бітірген 8 үміткер ұлттық жобаның мемлекеттік қайтарысмыз грантының жеңімпазы атанып үлгерді.
Жанұя орталығы тарапынан әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларын қолдау мақсатында «Азаматарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Отбасы» банк және «Азаматтық кеңсе» сияқты мекемелермен меморандум жасалды.
Алдынғы жаңалық