Қоғам

ПРЕЗИДЕНТ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДА «БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫН ҚОЛҒА АЛУДЫ ТАПСЫРДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар кітапханасы» атты жобаны қолға алуды тапсырды. Президент елімізге шетелдік кітаптар көптеп келетінін айтып, отандық кітап үлесін арттыру мәселесіне тоқталды. 

«Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызын атап өтіп, арнайы тапсырма берді. 

«Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ.

Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деді Президент. 

Сонымен қатар, ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек екендігін айтты. 

“Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Жалпы, дүние жүзіндегі әр ұлт – бірегей. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Ұлтымыздың бірегейлігі бұл – оның табысты болуы деген сөз. Табысқа жету үшін жоспарымыз қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделуі керек. Сонда ғана оның бәрі жұртқа түсінікті, анық болады. Яғни, «Қайтсек табысты елге айналамыз?» деген сұрақтың жауабы айқын болуға тиіс.Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады.

Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. 

Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз.  Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді.Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады. 

Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді.Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Бұл – анық нәрсе. Десек те, ата-аналар баланы, ең алдымен, мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. 

Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет.Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн. 

Отанға деген сүйіспеншілік бұл – үлкен жиындарда ұран тастау немесе тек ән шырқау емес. Отаншылдық бұл – шынайы патриоттық сезім. Тұратын үйіңді, аулаңды, қалаңды таза ұстау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, ұқыпты болу, яғни әр жерге қоқыс лақтырмау, түкірмеу деген сөз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елордамыздың өзінде азаматтарымыз қоршаған ортаға бейқам қарап, әсіресе, жаз кезінде саябақтарды қоқысқа толтырып кетіп жатады. Мұны жасап жатқан бөтен біреу емес, өз азаматтарымыз. Астанаға келген шетелдіктер, көптеген қонақтар соның бәрін көреді, таңғалады. Әрине, бұл – ұят нәрсе. Өйткені өз Отанын шын сүйетін адам оның табиғатын қорғайды, әр гүліне, әр ағашына жанашырлықпен қарайды, бір сөзбен айтқанда, нағыз патриот екенін нақты іс-әрекетімен көрсетеді. 

Мен еріктілер туралы үнемі айтып жүрмін. Себебі еріктілер – ең алдымен, патриот жандар. Олар еліміздің дамуына, оның келбетін жақсартуға зор үлес қосып жатыр. Біз бүкіл қоғам болып еріктілерді қолдауымыз керек, олардың еңбегін бағалап, марапаттап отыру қажет.Сонымен бірге балаларға экологиялық тәрбие беру маңызды. Оларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйреткен жөн. Мәдени мұраларымызды танып-білуге, қорғауға дағдыландыру керек.

Оқушылар театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы қажет. Мұндай шаруа бүкіл еліміз бойынша тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі осы мәселемен бірлесіп шұғылдануы керек. Мен ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүрмін. Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз. Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз.

Мен былтырғы Құрылтайда ұрпақты еңбекке баулуға қатысты бірқатар тапсырма бердім. Соның негізінде мектептерге еңбек сабағы қайтарылды. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады. Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Министр немесе әкім болсын, құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқаруы керек. Нанын адал еңбекпен табуы қажет. Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин еңбек адамын насихаттау туралы жақсы ой айтты. Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Ал жауапсыздықтың салдары неге апарып соқтыратыны кешегі өрт кезінде айқын көрінді. Осындай келеңсіз жағдайлар тек орман шаруашылығында емес, басқа да салада бар.Әрбір адам жауапсыз қадамның арты бүкіл елге қасірет әкелуі мүмкін екенін терең түсінуге тиіс. Барлық салада, барлық деңгейде жауапкершілік болса ғана, ісіміз оңға басады. Шын мәнінде, сын сағатта кімнің кім екені анық көрінеді. Елге жаны ашитын адам қиын жағдайға тап болған жұртқа нақты іспен көмектесуге дайын болады. Өкінішке қарай, қазір қоғамды ішінен ірітетін жағымсыз дүниелер көбейіп бара жатыр. Өздерін, тіпті, Алпамыс батыр сияқты ел қорғаны санайтын қылмыс әлемінің серкелері, яғни криминалдық топ басшылары бар. Көптеген адамдар, әсіресе, жастар соларға қатты еліктейтін болды.

Ел ішінде арзан бедел жинап жүрген алаяқтар аз емес. Олардың бәрі – халықтың санасын улайтын секта өкілдері. Бір қарағанда олар елге жанашыр болып көрінеді. Ал, түптеп келгенде, психологиялық айла-тәсілдермен жұртты адастырады. Қоғамға жалған құндылықтар таратып, көпшілікті тура жолдан тайдырады.Мұның бәрін идеологиялық қоқыс немесе мүлдем қажеті жоқ ақпарат деуге болады. Біз өркениетті ел ретінде халқымыздың дүниетанымына жат нәрселерге қарсы тұруға тиіспіз. Ол үшін, ең алдымен, оқу-ағарту жұмысын күшейтуіміз керек. Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев өте орынды пікір айтты. Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс. Жастар ақпаратты қорыта білуді, уақытын дұрыс пайдалануды, қаржы сауаттылығын мектеп қабырғасынан біле бастауы қажет.

Өскелең ұрпақты түрлі ойындарға құмар болудан сақтандыру керек. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың бірқатар мүшесі, соның ішінде белгілі спортшы Ислам Байрамуков жақсы айтты. Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс адал еңбекпен келеді.Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық есірткілер нарықта кең ауқымда сатылуда. Криминалдық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартып жатыр. Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер.

Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кетті. Іс жүзінде, жастарымыз өзіне зор қауіп төндіруде. Себебі бұл – шын мәнінде, зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам. Осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет. Тыйым салумен ғана мәселені шешу мүмкін емес. Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін. Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан былтырғы Жолдауымда кешенді жоспар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет таяу күндері осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдайды. Бұл – өте маңызды құжат. Осы құжаттың аясында жан-жақты жұмыс атқарылады.

Білікті заңгер Серік Ақылбай атап өткен құқықтық сананы қалыптастыру мәселесі де өте өзекті. Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры қашанда мықты болады”, деді. 

Жанат Шардарбекова,Түркістан облыстық «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры 

Қатысты жаңалықтар

Әлеуметтік көмек қаражатымен кәсібін дөңгелетуде

azatmedia

Түркістан облысы полицейлерінің «бассыздығы» түсірілген видео тарады

azatmedia

ШЫМКЕНТТІК ЕРІКТІЛЕР ДӘРІГЕРЛЕРГЕ АЛҒЫС БІЛДІРДІ

azatmedia