Қоғам

ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ҰЛТТЫҢ РУХЫН КӨТЕРДІ

«Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп Мағжан ақын жырға қосқан киелі Түркістан төрінде екі күннен бері дүбірлі жиын өтіп, өзекті мәселелер ортаға салынды.Алқалы жиын ұлтымызды нығайтудың ұтымды шешімдеріне арналды. Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамытып, этносаралық бірлікті нығайтуға баса көңіл бөлді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда сөйлеген сөзінде «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысты қолдайтынын айтты.Президент қазақ әдебиетін қолдайтынын және туындылардың оқырманға қолжетімді болуы керегін атап өтті. Сондай-ақ кітаптың таралуына жазушылардың өздері де мүдделі болуы керегін айтты.«Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал, жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті.Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын», деді Президент.Сонымен қатар Президент ұлттық киноның дамуына қатысты пікір білдірді.«Қазіргі заманда ел боламыз десек, экранды да түзеуіміз керек. Себебі кино қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал етеді. Елімізде кино өндірісі жақсы дамыған деп айту қиын. Жаңа ғана белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды кино саласын дамыту туралы тұшымды ой айтты. Мен қолдаймын. Расында, бүгінде кино саласында дау-дамай көбейіп кетті. Бірнеше келеңсіз мысалдар бар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда архивтен Жүсіпбек Аймауытұлының тың шығармасы табылғанын айтты.«Баршаңызға мәлім, қазір Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты көптеген архив материалдары зерттелуде. Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен «авторы Жүсіпбек Аймауытұлы» деп көрсетілген шығарма табылды. Мұны екі дерек көзі растап отыр», деді Қ.Тоқаев.Өлеңмен жазылған туындыны сол кезде тәркіленген Алаш зиялылары еңбектерінің бір бөлігі деуге негіз бар. Онда ұлттың жаны ешқашан өлмейтіні жырланған. Шын мәнінде, қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Керісінше, әрбір қиындық жұртымыздың жігерін жанып, халықты шыңдай түскен.«Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз. Қазақ елінің Адал азаматтары болып, Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз», деді Президент.Президент атап өткендей, бүгінде тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді.«Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек. Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. «Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр», деді Президент Ұлттық құрылтай барысында.Ұлытаудағы алғашқы отырыста алдағы басты мақсат-міндеттер айқындалған болса, Түркістанда нақты идеялар, ұсыныстар ұсынылатын толыққанды жұмыс отырыстары өтті. Екі күндік шарада ұлттың береке-бірлігін нығайтып, даму бағытын белгілеген қадамдар нақты айқындалды. Демек, бабалар ізімен бұл ата дәстүрді қайта жаңғырту тек елдің игілігі мен өркендеуі үшін қызмет етпек. 

Айдар СЕЙДӘЗІМ,Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы  

Қатысты жаңалықтар

Алматы: Баласын өлтіріп, денесін тоңазытқышта сақтаған

azatmedia

Су айдындарында өзіңді қалай ұстау керек

azatmedia

«ЖЕҢІС ТУЫ ЖЕЛБІРЕ»: ТЫЛ АРДАГЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

azatmedia