Қоғам

АЗАПТАУ өркениетті қоғамның қағидаттарына қайшы келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 наурызындағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаптауды орта ғасырлардан қалған жабайылыққа теңеген болатын. Азаптау фактілері бойынша тергеп-тексеру процесін жүргізуді прокуратура органдарына бекітуді тапсырып, биылғы 1 қаңтардан бастап қылмыстық-процестік кодекске өзгерістер енгізілді. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Данияр СЫЗДЫҚОВПЕН болған әңгімеміз прокуратура органдарының аталған бағытта атқарып жатқан жұмыстары жөнінде өрбіді.

– Данияр Нұрділдәұлы, алдымен облыстық прокуратураның азаптау қылмыстарына қатысты атқарған жұмыстарына тоқталып өтсеңіз.

– Біз дамыған және құқықтық мемлекеттің негізін қалау бағытында азаматтардың құқықтарының сақталуына ерекше назар аударғанымыз жөн. Бұл ретте, БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 5-бабында ешкімнің азапталуға немесе қадір-қасиетін қорлайтындай адамшылыққа жатпайтын қатыгездік жолмен жәбірленуге немесе жазалануға тиіс еместігі айтылған. Ал, Ата Заңымыздың 17-бабында азаптауға, зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайтыны көрсетілген. Әлбетте, былтырғы қаңтар оқиғасы азаптау қылмыстарына ерекше назар аудартты. Тәртіп сақшылары мен наразылық білдірушілер арасындағы қақтығыстар заңмен белгіленген шектен шығып кетті. Құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлері ұсталған адамдарды тергеу барысында тыйым салынған тәсілдерді қолданғаны, тіпті, оларды азаптағаны туралы фактілер болғаны ашық айтылды. Осыған орай, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаптаулар бойынша тергеп-тексеру жүргізуді прокуратура органдарына тапсырып, үлкен сенім білдірді. Бұл – біз үшін жаңалық емес, себебі, прокуратурада сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін арнайы прокурорлар жұмыс істейді. Аталған бағытты іске асыруға олардың тәжірибесі жеткілікті. Мәселен, облыс прокуратурасының арнайы прокурорлары 2021-2022 жылдары құқық қорғау органдарының 5 қызметкеріне қатысты азаптау фактісі бойынша тергеп-тексеру істерін сотқа жолдаса, биыл 6 қызметкерге күдік тағылды. Әрине, азаптау өркениетті қоғамның қағидаттарына қайшы келеді. Біздің ел үшін мүлде жат қылық. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай әрекеттер ара-тұра болса да орын алуда.   

– Азаптау қылмыстарының алдын  алу бағытында қандай да бір шаралар қабылданды ма?

– Біз үшін азаптауды болдырмай, оны алдын алудың маңызы зор. Сол себепті азаптауды болдырмау мақсатында прокуратура превентивті шаралар қолданып жатыр. Атап айтар болсақ, құқық қорғау органдарына кіріп-шығу үшін электронды журнал әзірленіп, Бас прокуратураның «Азаптаусыз мемлекет» жобасы аясында жаппай бейнебақылау орнату, тергеп-тексеруді электронды форматта жүргізу және жауап алу бөлмесін қарастыру сынды жұмыстар атқарылды. Оның ішінде құқық қорғау органдарында орнатылған бейнебақылау камераларының тұрақты жұмыс істеуі жүйелі түрде тексеріледі. Сондай-ақ, биыл облыс прокуратурасы құқық қорғау органдарындағы бейнебақылаумен жабдықталмаған аймақтарды анықтап, бұл кемшілікті жою мақсатында жергілікті бюджеттен 200 млн. теңгеден астам қаржы қаралды. Яғни 2023 жылы қажетті 613 бейнебақылау камерасы орнатылады. Оған қоса, барлық тергеушілердің қызметтік бөлмелеріне бейнебақылау камерасы қосылды.

Сонымен қатар, демалыс күндері және түнгі уақытта «Қорғау» жедел іс-шарасы аясында құқық қорғау органдарының ғимараттарында тексерулер жүргізіліп жатыр. Бұл шара да азаптау қылмыстарын азайтуға септігін тигізіп, қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының сақталуына бақылау жүргізуге мүмкіндік жасауда. Мысалы, 1-Д базасы арқылы тұлғалардың құқық қорғау органына қай уақытта, кімге және не үшін кіргені онлайн режимде бақыланып жатыр. Бұл біздің жұмысты жеңілдете түседі. 

– Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен іскерлік қарым-қатынастарыңыз қалай? 

– Иә қазір азаптауды болдырмау үшін Адам құқықтары жөніндегі уәкілдермен де тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Осы ретте, өзімнің төрағалық етуіммен 

16 қаңтар күні «құқық қорғау органдарын жаппай бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету және азаптаудың алдын алу» тақырыбында мекемеаралық жиналыс өтті. Сол жиында Түркістан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс ұйымдастыру туралы келісім жасалды. Нәтижесінде уәкілге түскен арыз-шағымдарды бірге қарап жатырмыз. Бұдан бөлек, заң талаптарына түсіндірме беретін ескертпелерді орнату және оны халық арасында тарату мәселесі де жоспарымызда бар. Себебі, құқықтық мәдениеті жоғары, құқықтары мен міндеттерін жақсы білетін тұлға өзін азаптауға жол бермес деп ойлаймын.

– Азаптау қылмыстарын тергеп-тексеру кезінде қандай да бір проблемалар кездеспей ме?     

– Азаптау латентті қылмыстар санатына жатады. Бұлай қорытынды жасауымның бірнеше субъективті себебі бар. Бірінші кезекте қылмыстық процеске тартылған тұлғалар өздерінің құқықтарын толық біле бермейді. Бұдан бөлек, көп жағдайда қылмыстық процеске тартылған тұлғалар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тікелей тәуелді. Соның салдарынан азапталған тұлғалар дер кезінде арыздана қоймайды. Ал, азаптау қылмысы орын алғанын дәлелдеу үшін тез арада дәлелдемелерді жинап, оларды бекіту керек. Сондықтан бүгінгі таңда азаптау орын алған жағдайда дереу арыздану үшін барлық құқық қорғау органдарында кезекші прокурорлардың жұмысы ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде тиісті жедел тергеу әрекеттері жүргізіліп, дәлелдемелер бекіту мүмкіндігі пайда болады. Ал, оқиға орын алған мезгілден 20 күннен астам уақыт өткізіп арызданған жағдайда қылмыстың мән-жайын анықтау қиынға соғады. Сондықтан, азаматтардан азаптау фактілері орын алған сәттен бастап тез арада прокуратура органдарына хабарлауды сұраймыз. Ол үшін үздіксіз жұмыс істеп тұрған 115 нөміріне қоңырау шалу қажет. Заң баршамызға ортақ және заң алдында барлық адамның дәрежесі бірдей екенін ұмытпайық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан ЕРМАН

Қатысты жаңалықтар

Көліктегі және автотұрақтардағы өрт қауіпсіздігі

azatmedia

«Көп шенеунік абақтыға қамалады» – дейді, Ирина Әбдірайымова

azatmedia

КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ ҚҰРАН КІТАБЫ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНЕ ҚОЙЫЛАДЫ

azatmedia