Қоғам

Ел сенімі үлкен жауапкершілік жүктейді

Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының құрамы 46 депутаттан тұрады. Депутаттардың 33-і «AMANAT» партиясынан, сондай-ақ, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясынан – 4, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан – 4, «Respublica» партиясынан – 2, ешқандай партияда жоқ 3 депутат бар. Ал, жаңадан сайланған халық қалаулыларының саны – 27. Біздің облыстық мәслихат төрағасы Нұралы ӘБІШОВПЕН сұхбаттасқандағы негізгі мақсатымыз – мәслихаттың қазіргі таңдағы жұмысымен жақынырақ танысу болатын, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Б.Дарғожинаның мақаласына сілтеме жасаған anyqtimes.kz.

– Облыстық мәслихат депутаттарының мойнына артылар жауапкершілік жүгі ешқашан жеңіл болған емес. Ел өз борыштары мен міндеттерін түсінетін, халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін іске асыра алатын белсенді депутаттарға үлкен сенім артып отыр.

– Халық қалаулысы атанып, ел мен билік арасында алтын көпір атану – үлкен жауапкершілік жүктейтіні ақиқат. Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихаты депутаттық корпусының жұмысын бастағанына бір айдан енді асты. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтті. Кеңесте Президент Үкіметке халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Жиын барысында ел Президенті мәслихат өкілдерінің алғаш рет осындай деңгейдегі кеңеске қатысып отырғандығын айтып, елдегі қабылданған реформалардың белгіленген бағытын жүзеге асыруда жергілікті өкілді органдар маңызды рөл атқаратындығын атап өтті. Бұл ретте, Мемлекет басшысы жергілікті депутаттардың  аймақтағы тексеру комиссияларымен тығыз қарым-қатынас орнату қажеттігін айтты. Нәтижесінде комиссиялардың рөлі едәуір артып, жауапкершіліктері күшейтілмек.

Сонымен қатар, Президент алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтетіндігін және бұл жұмысты Үкіметке Орталық сайлау комиссиясымен және облыс әкімдерімен бірлесіп жүргізуді тапсырды. Шынында, бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі, бүгінде  осындай тәсілмен өткен ауыл әкімдерін сайлау өзінің оң нәтижесін көрсетуде. Яғни тұрғындардың елдің саяси өміріне араласуына,  проблемаларының жедел әрі тиімді шешілуіне үлкен мүмкіндіктер туғызуда.

Жалпы, бұл қадам қоғамды демократияландыру процесінің жалғасы екені сөзсіз. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасының қаралуы да осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі деп санаймын.

Жалпы, Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойып отырған басты міндеті – елімізді табысты, халқының тұрмысы жоғары, қуатты елге айналдыру.

Ендігі кезекте бұл міндеттерді іске асыру – ортақ міндет. Сондықтан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақ пен  қажырлы еңбектің үлгісін танытуымыз керек.

Ал, енді белсенді депутаттардың атын айтып, түсін түстемейін. Өйткені, белсенді депутаттар көп. Алға қойған міндеттер де көп. Мәслихат төрағасы ретінде үлкен сеніммен айтар едім, депутаттар өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешіп, әл-ауқатының артуына бар күш-жігерін салатын болады, оған әріптестерімнің қажыр-қайраты толық жетеді.

– Құрамына тек депутаттар кіретін тұрақты комиссиялар мәслихаттар жұмысының маңызды тармағы. Себебі күн тәртібіндегі барлық маңызды мәселелер алдын-ала осы комиссиялардың қарауына ұсынылып, жан-жақты талқылаудан өтеді, солай емес пе? 

– Түркістан облыстық мәслихатында үш тұрақты комиссия жұмыс істейді. Олар: бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы, әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия, сонымен қатар, кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия.

Сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының бүгінгі күнге дейін бір сессиясы өтті. Осы кезекті екінші сессияда 24 мәселе қаралды. Барлық мәселелер үш тұрақты комиссияның отырыстарында қаралып, егжей-тегжейлі талқыланып, сессияның қарауына енгізілді.

Өзіңізге белгілі, сегізінші шақырылымдағы мәслихаттың жұмысын бастағанына бір айдан енді асты. Дей тұра, тұрақты комиссиялардың қазіргі таңдағы атап өтуге тұрарлық бастамалары аз емес. Мысалы, 15 сәуірде көктемгі егіс жұмыстарының ұйымдастырылу барысын пысықтау мақсатында арнайы жиын өткізілді. Күн тәртібінде Шардара ауданына көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген дизель отынымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамтамасыз ету және аудандағы каналдар құрылысы, «Кеңдала» бағдарламасымен көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген несиенің игерілуі, диқандарға мақта өңдеу зауыттары тарапынан фючерлік қаржының келісімшарты туралы мәселелер қаралды. Сонымен қатар, осы мәселелерге қатысты шаруа қожалықтарының төрағалары өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Өз кезегінде, облыстық мәслихат депутаттары Ж.Қанаев пен Т.Қаржауов Шардара ауданының шаруаларына қосымша қажет болып отырған жанар-жағармайдың 200 тоннасын өз есептерінен жолдайтын болды. Кейіннен мамыр айында Шардара ауданы әкімдігі депутаттардан алған жанар-жағармайды қайтаратын болып келісілді. Жалпы, жиында қаралған барлық мәселелер назарға алынып, тиісті органдарға тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаттарының бастамасымен арнайы жұмыс тобы Сарыағаш ауданы,  Жібек жолы ауылдық округіндегі «Жібек жолы» автоматтандырылған газ тарату стансасына (АГТС) және Дербісек ауылдық округіндегі «Тоболино» АГТС-ке барды. Мақсат – аталған нысандарды іске қосу мәселесін талқылау. Бүгінгі таңда нысан бойынша берілген ескертулер мердігер мекеме тарапынан қалпына келтіріліп, құжаттандыру жұмыстары басталды. Нысандарда орын алған жағдайлар бойынша мердігер мекеме басшысы мен инвесторға заң талаптарына сәйкес толыққанды құжаттандыру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Екі апта мерзімнен кейін осы құрамдағы жұмыс тобы қайта жиналып, нысанды іске қосу дайындығын қайта тексеретін болады.

Мұнан бөлек, облыстық мәслихат депутаты Ғ.Елшібайдың бастамасымен 30 сәуірде Төлеби ауданындағы Қостөбе мектебінің проблемасы бойынша арнайы құрылған жұмыс тобының көшпелі мәжілісі өтті.  Салынғанына он жыл өтер-өтпес мерзімде  апатты деп танылып, көпшіліктің көңілін алаңдатқан  мектепке байланысты бұған дейінгі  жетінші шақырылым кезінде де  бірнеше дүркін басқосулар өткен. Көшпелі мәжілісте мектеп күрделі жөндеуге жатады ма, жоқ әлде бұзылып, жаңасы салынуы қажет пе деген ел арасында  туындаған екі түрлі пікір таразыға түсті. Бұған себеп, бір мекеме мектептің 80 пайызы тозған, бұзылып, жаңасы салынуы керек деген қорытынды берген.  Енді бір мекеме мектепті бұзбай-ақ күрделі жөндеуден өткізуге болады деген қорытынды шығарған. Осы даулы мектепті салған, бұзбай- ақ күрделі жөндеумен мәселені шешуге де болады деген қорытындыға тапсырыс берген «А.Р.Т. – Құрылыс» компаниясының жауапты өкілі Бекжігіт Төлендиев өздері ұсынған уәжді  қорғады. Тартысқа толы үлкен талқылаудан кейін мектеп күрделі жөндеуден өтетін болып келісілді. Апатты ғимараттың нақты қай тұстары  күрделі жөндеуден өтетіні қосымша сүзгіден өтпек. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т.Үсібәлиев 1 қыркүйекте балалар жаңа оқу маусымын күрделі жөндеуден өткен мектепте бастайтынына күш салуға уәде берді. 

– Биыл біздің облысқа бөлінетін республикалық бюджет 20 миллиардқа қысқартылды. Сол себепті осыған дейін басталған жобаларға ғана қаражат берілмек. Ал, депутаттар сайлаушыларына уәде беріп қойды, сол уәделері енді қалай орындалады?

– Біздің облыс бюджетінің республикалық бюджетке тәуелділігі жоғары. 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру барысында нысаналы трансферттер жергілікті бюджет шығыстарына енгізілген. Шығыстар бірінші кезекте еңбек- ақы қоры мен әлеуметтік төлемдерді өтеуге бағытталып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңда құрылысы басталған нысандарға қаржы бөліп, сол нысандардың құрылысын уақтылы аяқтау жоспарлануда.

Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында жаңа жобаларды бастау бюджет мүмкіншілігіне байланысты іске асырылатын болады.

Биыл біздің облысқа бөлінетін республикалық бюджет 20 миллиард теңгеге қысқарды деген сөзіңізге түсіндірме беріп өтейін. Бұл жердегі мәселе облыстық бюджет 20 млрд. теңгеге қысқартылып отырған жоқ. Түркістан облысының «Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу» жобалары қолдау таппады. Ол былай ғой: Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды, оның ішінде: республикалық маңызы бар жол 723,1 шақырым. Ал, жергілікті маңызы бар жол 5 755,1 шақырымды, сондай-ақ, елді мекен көшелері 11 025,7 шақырымды құрайды. 

2022 жылы 30 млрд. теңге бөлініп (республикалық бюджеттен – 23,5 млрд. теңге облыстық бюджеттен – 6,5 млрд. теңге), құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 1 049 шақырым жол қамтылды. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 92%-ға жетті.

Облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 2024 жылы 98%-ға, 2025 жылы 99,5%-ға жеткізу жоспарланған.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі тарапынан «2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде «Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу» жобаларын қаржыландыруға әр жылға Түркістан облысына  20,7 млрд. теңге келісіліп, ҚР Парламенті Сенатының қарауына жолданған болатын. Алайда,  Сенат қарауынан кейін Түркістан облысына көрсетілген қаржы көлемі толық қысқартылды. Осыған байланысты облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 2023 жылға өтпелі жобаларға жергілікті бюджет есебінен 8,4 млрд. теңге қаралды.

– Халық қалаулыларының жобалары қолдау тауып отыр ма?

– Мәслихат өкілді орган ретінде халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауалдар жолдап, оның орындалуын үнемі бақылауда ұстап отырады.

Жақында, 28 сәуірде өткен кезекті екінші сессияда 2022 жылы облыстық мәслихат  қызметін ұйымдастыру, депутаттардың  сауалдары мен сайлаушылардың өтініштері бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп тыңдалды. Мысалы, 2022 жылы жергілікті атқарушы органдарға 416 депутаттық сауал жолданған. Оның 332-і қанағаттандырылып, орындалған. Ал, қалған 84-і орындалу үстінде немесе заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берілген.

Бұдан бөлек, депутаттар ел ішіндегі түрлі басқосуларда, жиындарда тұрғындармен үнемі бірге болып, есепті кезеңде 300-ге жуық қоғамдық қабылдау өткізді. Осындай жеке қабылдаулар мен кездесулерде 2000-ға жуық мәселе қаралды. Осы мәселелер бойынша құзыретті органдарға шаралар қабылдау үшін тиісті хаттар жолданып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді және аса мұқтаж азаматтарға материалдық көмек көрсетілді. 

Осы шақырылым сайланғалы, яғни бір айдың ішінде жергілікті атқарушы органдарға 27 депутаттық сауал жолданған. Оның 18-і қанағаттандырылған. Ал, қалған 9-ы орындалу үстінде немесе заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме берілген. Жалпы, 27 депутаттық сауалдың 8-і білім, 4-еуі денсаулық, 9-ы тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, инфрақұрылым саласына, 1-еуі жер, 1-еуі спорт, 1-еуі БАҚ, 1-еуі ветеринария саласына қатысты болған. Осылайша халықтың сұранысына ашық және жедел ден қою, кері байланыс орнатуға баса мән берілуде. Осы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

– Облыстық мәслихат аппаратына заңды және жеке тұлғалардан қанша өтініш келіп түсті?  Жалпы, алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Облыстық мәслихат аппараты қызметінің маңызды бағыттарының бірі – азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу. 2023 жылғы 30 наурыздан бері жеке және заңды тұлғалардан барлығы 19 өтініш келіп түскен, оның 14-і жеке тұлғалардан, 5-еуі заңды тұлғалардан. Барлық келіп түскен арыз-шағымдар бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыстар жүргізіліп, өтініш иелеріне уақтылы жауап берілді.

Біз Мемлекет басшысының алға қойған саяси- әлеуметтік бастамаларын іске асыруға, облыс экономикасы салаларында түпкілікті шешуді қажет ететін мәселелерді шешуге белсенді атсалысатын боламыз. Атап айтқанда, ауылды жерлердегі білім беру ұйымдары ғимараттарын жаңарту, үш ауысымды мектептердің проблемасын шешу, денсаулық сақтау ұйымдарын ғимараттармен және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық жүйелерін жаңарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндеу деңгейін арттыру, жұмыссыздықты азайту жолында еңбек етеміз. Сонымен қатар, сайлауалды бағдарламамызда көрсетілген, халықтың игілігіне бағытталған ауқымды жобаларды орындауға күш саламыз. Өңір тұрғындарының әлеуметтік маңызы бар мәселелерін шешу мақсатында облыс әкімдігімен, барлық мемлекеттік органдармен бірге ынтымақтаса еңбек етеміз. Себебі, бізге сенім білдірген елдің алдында үлкен жауапкершілігіміз бар екендігін жақсы сезінеміз.

– Сіз мұның алдындағы шақырылымда да депутат болдыңыз. Сол кезде сессия отырыстарында қоғамдағы қандай өткір мәселелерді көтердіңіз? Өңірдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қаншалықты ықпал еттіңіз?

– Өздеріңіз білетіндей, бүгiнде елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихат маңызды рөл атқарады. Мәселен, 2022 жылы облыстық мәслихаттың 6 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 106 шешім қабылданды, оның ішінде 16 шешім облыстық  әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Атап айтқанда, облыстың бюджеті туралы, оның атқарылуы, өңірдің даму бағдарламалары мен жоспарлары, атқарушы органдардың есептері және тағы басқа да мәселелер қаралды. Жалпы, 2022 жылы облыстық мәслихаттың бес тұрақты комиссиясының жалпы 23 отырысы өткізіліп, 202 мәселе қаралды. Сонымен қатар, барлық комиссияның бірлескен бір отырысы өткізіліп, онда 5 мәселе қаралды.

2022 жылы облыс бюджетінің көлемі 1 триллион 300 млрд. теңгені құрады. Бюджеттің 

44,6%-ы әлеуметтік салаға бөлінді. Бұл өз тұсында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндеттерді шешуге септігін тигізді. 

Өздеріңізге белгілі, өткен жетінші шақырылым екі жыл ғана жұмыс істеді. Өз  тарапымнан осы екі жыл ішінде тиісті органдарға жалпы 15 депутаттық сауал жолдадым, оның 11-і оң шешімін тапты, қалған 4 депутаттық сауал орындалу үстінде. Депутаттық сауалдарым білім, денсаулық сақтау, жол, құрылыс, экономика, экология, газдандыру және ауыл шаруашылығы салаларына арналды.

– Уақыт бөліп, ашық әңгімелескеніңіз үшін рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Қатысты жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

azatmedia

В Шымкенте отметили День государственных символов

azatmedia

Алматы: Баласын өлтіріп, денесін тоңазытқышта сақтаған

azatmedia