Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі түрлі құқық нормаларын, Конституциялық сот институты мен құқық қорғау мәселелерін үнемі жетілдіріп отыру керектігін ескерткен болатын.
Сондай-ақ, халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру бағытында Президент ауылдарды ортақ жайылыммен қамтамасыз етудің маңыздылығына тікелей назар аударып, осы жайылым мәселесі мен ауыл шаруашылығы саласын ретке келтіруді тапсырды. Президент өз сөзінде: «Жайылымдар ең алдымен ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек» деген еді.
Президенттің осы бағыттағы тапсырмасының Түркістан облысында орындалу барысы бүгінде қатаң бақылауда. Облыста жайылымдарды халыққа қайтару жұмыстары қарқынды жүруде. Былтыр Түркістан облысында 412,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, меморандум арқылы 622,6 мың гектар жер елге ортақ пайдалануға берілген. Осылайша, 1 млн. гектардан астам жайылым тапшылығы шешімін тапқан.
Осы ретте, Түркістан облысында «Қолжетімді жайылым» жобасы қолға алынды. Бұл жоба облыстық прокуратураның бастамасымен қолға алынып, облыс әкімдігімен бірлесе іске асырылуда.
Бес бағыттан тұратын жоба аясында әкімдер мал басының есебін статистика органдарына тапсыру міндетінен босатылады. Ветеринар мал басын есепке алып, түгелдеп, «жануарларды бірегейлендіру» базасына (ИСЖ) енгізуін ескере отырып, ветеринария қызметінің «жануарларды бірегейлендіру» және статистиканың «Е стат» базалары интеграцияланады. Бұл жағдай өз кезегінде мал басы есебінің шынайылығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мал иелерінің малға байланысты қажетті мәліметтерді алуы электрондық жүйеге ауыстырылады. Яғни мал сататын тұлғалар ветеринар анықтамасын демалыс және мереке күндері электрондық түрде алу мүмкіндігіне ие болады.
Одан бөлек, жоба бойынша бақташылар немесе малшылар статусы нормативтік тұрғыда реттеледі. Мал базарларының ветеринарлық қызметтеріне сатылған малдың есебін жүргізуге жағдай жасалады. Сәйкесінше, олар ветеринария қызметінің базаларына кіріп, жұмыс істей алады. Яғни мал базардан шыққан төрт түлік статистикасының шынайылығына қол жеткізуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ, жеке сектордағы ортақ жайылымға сыймайтын нормативтік талаптардан тыс мал басын шалғайдағы жайылымдарға жіберу мәселесі қамтамасыз етіледі. Ол үшін шалғайдағы жайылымдардың орналасқан орындары мен олардың көлемдері бекітіліп, әкімдіктердің балансында қалдырылады.
Жобада көрсетілген ұсыныстар негізінде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін космомониторинг құрылғылары арқылы анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде облыстық жер ресурстарын басқару департаментімен бірігіп, аудан, қала әкімдіктері бекіткен жер балансы есебінің экспликациясында тіркелген жер пайдаланушыларда мал басы тіркелгені туралы ИСЖ базасымен салыстыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 4386 жер пайдаланушының 673 462,2 гектар жеріне мал басы тіркелмегені анықталып отыр.
Еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Биыл өңірде жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрады. Осы бағытта ортақ жайылымның көлемін ұлғайтып, елді мекендердегі малды шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру, аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын көбейту көзделген. Нәтижесінде 2024 жылы облыстағы жайылым тапшылығы төмендеп, 1107,8 мың гектарды құрайды. Жыл соңында 333,2 мың гектар жер учаскесі ортақ жайылымға қайтарылып, елді мекендердегі жайылым жүктемесінен 681,8 мың гектарға кемиді.
Түркістан облысында жайылым жердің жалпы аумағы 8 млн. 860 мың гектардан асады. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында.
Жалпы, Президент реформасы аясында жоғарыда айтқан проблемалар оң шешіліп келеді. Өзекті мәселелер ретімен шешіліп жатса, еңбек те өнімді болатыны анық.
Ахпан АЛШЫНБАЕВ, Келес ауданындағы «Емен» шаруа қожалығының төрағасы