Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталған. Жолдауда айқындалғандай, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отыр.
Жалпы Президент реформаларының барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр.
Соның бір айқын көрінісі – Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша мән берді. Мемлекет басшысы өзінің былтырғы Жолдауында полицияның жұмысын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шаралар халықтың сұранысына, қоғамның мүддесін қорғауға бағытталған полиция құруды көздейді.
Осы орайда, Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп», «Жасөспірім» және «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізіліп келеді. Сонымен қатар, арнайы топ барлық ауданда ата-аналармен кездесулер өткізуде.
Білім ұяларының қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселесі де назардан тыс емес. Облыста бейнебақылау жүйелерін Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосуға міндетті 743 негізгі мектептің 651-інің бейнекамералары қосылған, 87,6 % құрайды. Сонымен қатар 334 орта білім беру мекемелеріне Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығатын дабыл батырмалары орнатылған. Одан бөлек, мектеп аумағында құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында жеке күзет агенттіктерін тарту мен турникеттер орнату қарастырылған.
Президент әу бастан адам құқығын қорғау саласын қашанда жеке-дара бөліп қарап, бұл мәселе бірінші кезектегі мәселеге айналды. Бұл ретте, ең бірінші кезекте полиция халықтың қамқоршысы әрі жанашыры болуы керек. Әділетті Қазақстан құру жолында оның полициясы да талапқа сай жаңарып, жүктелген міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Тәртіп сақшылары жұртшылықтың жүрегінен орын алғанда ғана нағыз ел қорғаны деген атқа ие болады.
Жандос АМАНГЕЛДІҰЛЫ, Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.Төлеби ауданы