Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты ІІ Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысты. Жиын сұрақ-жауап форматында өтті. Айта кету керек, Еуразиялық экономикалық одақтың географиялық аумағы өте үлкен. Сондықтан, форумда өзара инфрақұрылым байланысын дамыту мәселесі аса маңызды басымдықтардың бірі екендігі аталып өтті. Мемлекет басшысы «Біз, ең алдымен, өз халықымызға Одақтың маңыздылығын, оның тиімділігін көрсетуіміз керек. Ол үшін жан-жақты пысықталған, дұрыс шешімдер қажет. Интеграцияның өте күрделі процесс екенін түсінемін. Бұл барлық ұлттық мүддені бір арнаға тоғыстыратын өте нәзік жұмыс. Бірақ біз бұл жұмысты өзара келісе отырып жүргізуіміз керек. Бізге нақты нәтижелер қажет»,-деді. Яғни, одақ мүшелеріне келісіп пішкен тон келте болмайтынын жеткізді. Президент бірге жоспарлаған дүниелерді іске асыруға барынша күш салу керектігіне тоқтала келе, экономикалық интеграция түпкі мақсат емес, бұл тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсінгендері маңызды екендігін де атап өтті. Экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше жаңа өндірістер мен технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланатынына да тоқталып өтті. Ол өз сөзінде «Енді Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын айқындау қажет. Кез келген істі қолға алғанда әрдайым қазіргі проблемаларды ғана шешіп қоймай, келешектегі жұмысты да жоспарлау керек екені сөзсіз. Сондай-ақ айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек»,- деді. Осылай деген мемлекет басшысы Одақтың іргетасының мықты болу керектігін баса айтты. Ол «Мұның бәрінің берік негізі болуға тиіс. Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болатындығын атап айтты. Тұжырып айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ — инвестициялар мен жоғары технологияларды тартудың аймақтық орталығы деуге әбден негіз бар. Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,«Бітімгер» медиаторлар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, кәсіби медиатор
Алдынғы жаңалық