Жаңалықтар

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДАҒЫ ШЕШІЛМЕГЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ СЫНҒА АЛДЫ

Елімізде болып жатқан саяси жаңғырулар енді экономикалық өзгерістерге ұласпақ. Президентіміз өз Жолдауында экономикалық дамудың нақты бес бағдарын айқындап, дамудың даңғыл жолын көрсетті.

Жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, стратегиялық инвестиция, Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, Заң мен тәртіп – Жаңа Қазақстанның бес тұғырына айналмақ.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен кездесті, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

 Көшпелі мәжілісте ауданның өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды қатаң сынға алды. Жұмысты ширатуды тапсырып, оларды тез арада ретке келтіру үшін аудан әкіміне 1- шілдеге дейін уақыт берді. Қызметіне сәйкес келмейтін басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі.

Мәжілісте Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Барлық саладағы көрсеткіштер баяндалып, қаржыны талап ететін жобалар ортаға салынды.

Қазығұрттың даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, білім және медицина саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданың экономикалық-әлеуметтік дамуындағы кедергілерге тоқталды. Анықтаған бірқатар кемшіліктер бойынша қолға алынатын шараларды баяндап берді. Талдау қорытындысы негізгі көрсеткіштердің төмендегенін көрсеткен. Ауыл шаруашылығы саласында қойылған межелер орындалмаған. Құрылыс жұмыстары бойынша бекітілген жоспар жүзеге аспаған. Кіріс көлемі төмендеген. Ауданда салық базасын ұлғайту бойынша резервтер көп. Салық салу объектілерінің (тойхана, жанармай құю станциясы, т.с.с) бағалау құндары нарықтық бағадан төмен бағаланған. Тиісінше салық аз төленуде.

Тазалығы сын көтермейтін ғимараттар мен оның аумағы күл-қоқысқа толған нысандардың жауапты басшылары қатаң сынға алынды. Көпқабатты тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, медицина және білім беру нысандарының, демалыс орындары мен балалар алаңшаларының күтіп-ұстауы төмен деңгейде. Көшелер мен жол сапасына да сын өте көп.

– Ауданда шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша, сондай-ақ, инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда кемшіліктер көп. Ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткішкер кеміген. Бұл дегеніміз, халықтың табысы азайды деген сөз. Жұмысты ширатып, жоспарды орындау керек. Аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайту бойынша нақты шаралар қабылдасын. Нәтижесі баяндалсын. Талап өте жоғары. Халыққа шын жаны ашитын азаматтар жұмыс істеуі керек. Жұмыс істегісі келмейтін адам сылтау іздейді. Ақталудың қажеті жоқ. Сіздерге қойылатын талап бар, маған қойылатын талап бар. Артық ешнәрсе сұрамаймыз.

Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды қолға алыңыз. Ауданның дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, ауданның инвестициялық климатын жақсарту қажет. Білім саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге күш салынсын. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Тазалыққа мән берілсін. Жылдар бойы қараусыз қалған соң ғимараттар осындай деңгейге түскен. Тек бюджетке тәуелді болсақ, іс алға баспайды. Жаңа форматта жұмыс істеуге бет бұру шарт. Ізденіс керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі білім, мәдениет, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, спорт, денсаулық сақтау, абаттандыру, тазалық сақтау, жастарға қолдау көрсету жұмыстарын да ұдайы назарда ұстауды тапсырды. Кемшілікке жол берген басшыларға ескерту берді. Жаңа форматтағы кездесулерде облыс әкімінің басшылығымен мәселелер ашық айтылып, шешу жолдары қаралады. Барлық сала зерделенеді. Осы арқылы өңірді дамыту жұмыс сапасын жақсарту, елдің өтініштері мен ұсыныстарын сапалы орындау, облыстың даму көрсеткішін жақсарту көзделген.

Қатысты жаңалықтар

В Шымкенте в рамках эко акции «Таза Қазақстан» проходит неделя «Өнегелі ұрпақ»

azatmedia

ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ БЕЙСЕНБІ САЙЫН АТҚАРЫЛАТЫН БОЛАДЫ

azatmedia

ШЫМКЕНТ: ЕСКІ ҚАЛАШЫҚ АУМАҒЫНА ГИД-ЭКСКУРСОВОДТАРҒА АРНАЛҒАН ТЕСТ-ТУР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

azatmedia