Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ЖАН-ЖАҚТЫ САРАПТАЛДЫ

Елімізде болып жатқан саяси жаңғырулар енді экономикалық өзгерістерге ұласпақ. Президентіміз өз Жолдауында экономикалық дамудың нақты бес бағдарын айқындап, дамудың даңғыл жолын көрсетті.

Жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, стратегиялық инвестиция, Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, Заң мен тәртіп – Жаңа Қазақстанның бес тұғырына айналмақ.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының активімен кездесті. Көшпелі мәжілісте шаһардың өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды ортаға салды. Қала әкіміне тапсырмалар берілді. Қызметіне сәйкес келмейтін басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға ерекше мәртебе беру мәселесін көтеріп, айрықша қолдау білдіріп отыр. Түркістан – Түркі әлемінің орталығына айналуы тиіс. Басқа аудан, қалалар Түркістанға қарап бой түзейтінін ескерсек, мұндағы жұмыс сапалы әрі мазмұнды болуы керек. Түркістан дамыса, өзге аудандар дамиды. Жұмыс бар. Бірақ сол қарқынды түсірмей, тиісінше арттыра түскен жөн. Түрлі сала бойынша мәселелер, кемшіліктер айтылды. Осыларды қысқа мерзімде жоюды тапсырамын. Қалаға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, туризм саласын дамыту, бюджетті ұлғайту бойынша нақты жұмыс пен нәтиже күтемін. Қаланың сәулеті, құрылысы, көгалдандырылуы, абаттандыру жұмыстарын да жандандыра түсуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаланың әлеуметтік экономикалық дамуы туралы және 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Түркістанның даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды қала әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, инфрақұрылымды жақсарту, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев шаһардағы идеология, білім саласы, туризм, жастар саясаты, мәдениет салаларындағы мәселелер бойынша өзекті мәселелерді қозғады.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Түркістанның экономикалық-әлеуметтік дамуындағы кедергілерге тоқталды. Анықтаған бірқатар кемшіліктер бойынша қолға алынатын шараларды баяндап берді. Негізгі көрсеткіштерге тоқталды.

Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 221 мыңға адамға жетті. Өзіндік кірістердің көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 15 млрд. теңге болса, 2023 жылға 17,8 млрд. теңге болып, өсім 18,7% пайызды құрады.

Жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың қорытындысымен 319 млрд. теңгені құрады. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2022 жылы 21,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бері қаңтар-наурыз айында 6,2 млрд. теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 3,2 % құрады. Өткен жылы қалаға 304,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Биыл инвестиция көлемі 348,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. Қалада «TURKISTAN» индустриалды аймағы жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 19 жоба орналасқан. 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

2022 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1451 мың адамға жетті. Жыл басынан бері үш айдың ішінде Түркістанды тамашалауға келгендер саны 130,5 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсті. Бүгінде Түркістандағы орналастыру орындары – туристер тұру үшін және оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын қонақ үйлер, мотелдер, кемпингтер және басқа да ғимараттар мен құрылыстар саны 57-ге жетті. Ірі жобалар іске қосылып, туризм саласы жаңа қарқын алды. Бірнеше саябақ пен қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары ашылды.

Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды. Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 7 мектептің құрылысын 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Оның үшеуінің құрылысы басталып кетті.

Қатысты жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ГАЗБЕН ҚАМТУДА ІРГЕЛІ ІСТЕР ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

azatmedia

Жастар неге кінәлі?

azatmedia

Сарыағаш халық саны

azatmedia