Спорт

ТҮРКІСТАН: ДЗЮДО КҮРЕСІНЕН ТӨЛЕБИ БАБА АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ

Мемлекет басшысы өз Жолдауында, «Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек», деп атап өткен болатын. Салауатты өмір сүру дегеніміз, ол – әлеуметтік тұрмысты жақсарту, бос уақытты тиімді пайдалану, денсаулықты сақтау және нығайту, сапалы тамақтану, зиянды әрекеттерден аулақ болу.

Осы орайда, Төлеби ауданында Төле би Әлібекұлының 360 жылдығы және Төлеби ауданы әкімінің кубогы үшін дзюдо күресінен облыстың ашық біріншілігі басталды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

Сайыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Төлеген Телғараев қатысып, бәсекеде бақ сынап отырған жасөспірімдерге сәттілік тіледі.

– Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше, дене шынықтыруға ден қойғандардың көңіл-күйі, денсаулығы мықты, әрі шыдамды болады. Баршаңызға дүбірлі додада сәттілік тілеймін! Мықтылар жеңіске жетсін! – деді аудан әкімі.

Төлеби ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан біріншілікке Түркістан өңірінің барлық аудан, қалаларынан және Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Жетісу, облыстарынан, Шымкент, Астана, Алматы мегополистерінен, сондай-ақ көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен спортшылар қатысып жатыр. Жалпы, облыстық сайысқа 1000-ға жуық спортшыдан құрылған 50 команда күш сынасуда.

Дзюдо күресімен соңғы кездері жастар кәсіби айналысып, қызығушылық танытуда. Ауданда бұл спорт түрінен спортшыларды жаттықтырып, болашақ чемпиондарды дайындау жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жас балуандар боз кілемде белдесіп, өзара мықтыны анықтауда. Бұл жарыста жанкүйерлердің де көп жиналуы дзюдо күресіне деген құрметтің деңгейін көрсетті.

Қатысты жаңалықтар

СПОРТ – БІЗДІҢ СЕРІГІМІЗ!

azatmedia

Спорт күніне орай футболдан жарыс өтті

azatmedia

ШЫМКЕНТТІК МЕРГЕНДЕР СТЕНД АТУДАН 18 МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

azatmedia