Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТПЕН КӘСІБІН ДАМЫТҚАНДАР АРТЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленген болатын. Соның бірі – Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталған.

Осы орайда, Түркістан облысының БАҚ өкілдері Созақ ауданындағы мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашқан азаматтардың жұмысымен танысты.

Шолаққорғандық кәсіпкер Талшын Сатыбалды өткен жылы аталған жоба арқылы 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Ол осы қаржыға аудан орталығынан массаж салонын ашып, онда әйелдер мен балаларға арналған емдік және классикалық массаж қызметтерін көрсетеді. Бүгінде кәсіпкер 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, орталықта массаждан бөлек, хиджама, шугаринг, сатху терапевт және маникюр қызметтері бар.

«Қайтарымсыз грант – аудан тұрғындарына кәсіп бастауға үлкен көмек. Бүгінде орталығымызда ауыл тұрғындарына түрлі қызметтер көрсетіліп жатыр. Кейде тіпті тұрғындар алдын ала жазылып келеді. Өзім бұл салада үш жылдан бері еңбек етіп келемін, ал орталықтың ашылғанына бір жыл болды. Мен алдымен арнайы курсты оқыдым, ал қазір массаж сабақтарын өзім өткіземін, 40-қа жуық шәкіртім бар. Орталықтағы қызметкерлердің ай сайынғы табысы 200-300 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта осы кәсібімді дамыту мақсатында қосымша мемлекеттен гранттар бөлініп жатса, тағы да қатысу жоспарда бар. Cондай-ақ, соңғы үлгідегі заманауи аппараттарды алып, кәсібімді одан әрі дамытуды көздеп отырмын», – деді кәсіпкер.

Мемлекеттік грантпен кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі – Зәуре Аманбекова. Ол үйінің іргесінен шағын наубайхана ашқан. Қайтарымсыз грант керекті құрал-жабдықтар сатып алуына үлкен септігін тигізгенін айтады. Оған кондитерлік өнім пісіретін пеш, үлкен тоңазытқыш сатып алыпты. Қазір тапсырыстарды орындап жатыр. Еңбекпен өрнектелген өмірі көпке үлгі боларлық. Бүгінде мұнда дәмі тіл үйіретін түрлі тәтті күлшелер мен кондитерлік тағамдар дайындалады. Мұнда бес адам еңбек етеді.

«Бұл кәсіппен отбасымызбен айналысамыз. Себебі жолдасым, ұлым мен келінім маған күнделікті көмектеседі. Ұлым дүкендерге нанды таратып отырса, келінім сол тәтті нандарды пісіруге көмектеседі. Одан бөлек қарамағымда екі адам жұмыс істеп, өз нәпақасын тауып жүр. Өзім Алматы қаласында Нан пісіру макарон және кондитерлік өндіріс технологиясы мамандығында біліп алғанмын. Еңбектің наны тәтті дейді. Еңбексіз адам арманына жете алмайды. Жұмыс істеймін деген адамдарға қуана-қуана үйретемін», – деді кәсіпкер.

Еске сала кетсек, былтыр Созақ ауданында 80-нен аса азамат мемлекеттік гранпен қамтылса, 511 адам «Бизнес бастау» бойынша оқуға жіберілген.

Айта кетсек, биыл Түркістан облысында 600-ге жуық жасқа 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Қазіргі таңда құжат қабылдау жүріп жатыр. Қатысушылардың жасы 21 мен 35 аралығында болуы тиіс. Жастар 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады.

Қатысты жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ТҰРАҚТЫ НАЗАРДА

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ДЕПУТАТТАРМЕН КЕЗДЕСІП, ӨҢІРДІ ДАМЫТУ БАРЫСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚОЛАЙЛЫ ӨМІР СҮРУІНЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛЫНҒАН

azatmedia