Шымкент қаласы Қаратау ауданының тұрғыны Даниал Ахтаев та науқанға сайлаушы ретінде алғаш рет қатысып отыр.«Мирас» университетінің бірінші курс студенті болашақ заңгер екен. Ол тұрғылықты мекенжайы бойынша №103 жалпы орта мектепте орналасқан №239 сайлау учаскесінде дауыс берді.
— Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – еліміздің даму бағытын айқындайтын саяси науқан. Биылғы сайлауға көптеген өзгерістер енді. Ең бастысы, мұның барлығы мемлекетті экономикалық тұрғыда өркендетіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қадам. Мен де болашақ заңгер ретінде партиялар мен жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен танысып шықтым. Дұрыс таңдау жасадым деген ойдамын, – дейді Даниал Мейрамханұлы.
Ел болашағына бей-жәй қарамай, саяси науқанда белсенділік танытып отырған жас сайлаушылардың отанға деген сүйіспеншілігі сүйсінтті.
«Шымкент келбеті»