«AMANAT» партиясы инклюзивті қоғамды дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандарға толерантты қарым-қатынасты қалыптастыруда «Кедергісіз келешек» жобасын іске асырып жатқаны белгілі. Жоба қоғамда әлсіз топтардағы азаматтарға қолайлы мүмкіндіктер жасалуын үйлестірумен қатар, мүгедектігі бар тұрғындардың әлеуметтенуіне, ыңғайлы жұмыс орындарымен қамтылуына көмек көрсетуді мақсат тұтады.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсету бағыты партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының маңызды тармағы ретінде енгізіліп, оның орындалуы партияның Түркістан облыстық филиалы тарапынан қатаң қадағалауға алынған. Азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту және олардың жұмыспен қамтылуында бірдей мүмкіндіктер ұсынылуын қамтамасыз етуде партияның бастамасымен облысымыздың барлық аудан, қалаларында «Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілуде.
Осы бағытта іс-шара Шардара ауданында болып өтті. «AMANAT» партиясының Шардара аудандық филиалы аудандық Мансап орталығымен бірлесе өткізген жәрмеңкеде жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындары таныстырылып, жұмысқа тұрудың шарттары мен талаптары түсіндірілді. Іс-шараға келген тұрғындарға аудандық Мансап орталығының өкілдері субсидияланатын жұмыс орындары туралы ақпарат берсе, «Шардара аудандық орталық ауруханасы» МКҚК, «Азиялық несие қоры» ЖШС, «КазМикрофинанс» АҚ Шардара аудандық бөлімшесі, «№16 колледж» МКҚК, «IBilim High School» ЖШС, «Казкрахмал» ЖШС және тағы басқа ұйымдар өздерінде бар бос жұмыс орындары туралы мағлұмат берді.Әр адамның еңбек етуге мүмкіндігінің болуын ұйымдастыруда, аманаттық өкілдер, тұрғындар мен жұмыс берушілер арасында өркениетті және сындарлы диалог орнатып, Қазақстан қоғамы тең құқықтар мен мүмкіндіктердің алаңы болып қалаптасуына әрі қарай да қызмет ететін болады.