18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи–мәдени қорық–музейінде «Ер қаруы – бес қару» тақырыбында онлайн-көрме өтті.
Онлайн-көрменің мақсаты – сан ғасырлар бойы металл өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашқан ата-бабамыздың ерекше өнері мен дала өркениетін насихаттау.
Ұлан-ғайыр жері мен елінің біртұтастығын қорғап, бостандығын сақтап қалуда қазақ халқы астындағы атына, білегінің күшіне, жүрегінің түгіне, бойындағы бес қаруына сенген. «Ер қаруы – бес қаруды» өзіндік жұмсау тәсілімен ерекшелеп сан түрге бөлген.
Осыған орай, көрме экспозициясы да жылдар бойы музей қорында сақталған археологиялық қазбалардан табылған жәдігерлер мен қазақ халқының тұрмыс-тіршіліктерінде пайдаланған қару түрлері кесу, шабу, түйреу, соғу, ату өнерлерін қамтитын бес бөлімге топтастырылған.
Бірінші бөлімге кесу қарулары – қылыш, семсер, сапы қойылды. Б.з.д. VІІ ғ.-б.з. ІІІ ғғ. өмір сүрген сақ, сармат тайпалары қысқа «акинак» деп атаған семсерлермен екі жүзді, ұшы өткір қысқа сапты қару қанжар түрлерін қолданды. Кейін VI-VII ғасырларда бірте–бірте шабуылдауға ыңғайлы қылыш пайда болды. Қазақ қылыштары: алдаспан, наркескен зұлпықар, қайқы қылыш тағы да басқа болып бөлінеді.
Екінші бөлімге шабу қарулары – балта, айбалта, шақан орналастырылды. Б.з.б. V мың жылдық неолит дәуірінде тас құралдарды барынша пайдаланған дәуір болды. Қиын өңделетін тастарды бірте-бірте тұрмысқа пайдалану арқылы шабу қаруларының алғашқы үлгілері тас балталар, кетпендер мен келсаптар жасала бастаған. Қазақ халқы шабу құралдарын шақан, жауынгерлік балта, айбалта, жартылай айбалта деп төрт түрге жіктеп жауды жару, шабу арқылы зақым келтіретін соғыс құралдарына жатқызған.
Үшінші бөлімге түйреу қарулары – найза, сүңгі қойылды. Найза – ұшы істік, металдан істелген ұзын ағаш сабы бар, қадалғыш немесе лақтырмалы соғыс қаруы. Найза лақтыру палеолит дәуірінің соңғы кезеңінде пайда болды. Алғашқыда ұшы ұшталған таяқтан жасалды. Бертін келе ұзындығы 1,5 – 5 м. дейін жететін ағаш сапқа тастан немесе сүйектен (тас ғасыр) металдан (қола дәуірден бастап) үшкір ұш орнатылған түрлері шықты. Сол заманнан бері әлем халықтарының көпшілігі найзаны соғыс және аң аулау кезінде қолданды. Қазақ батырлары мен жауынгерлері де найзамен қаруланды, оған қоса түйреу қарулары ретінде сүңгіні және жыданы алыс-жақындығына байланысты көбірек пайдаланған.
Төртінші бөлімге соғу қарулары шоқпар, гүрзі жатқызылды. Шоқпар мен сойылдың алғашқы түрлері сонау неолит заманында пайда болған. Әуелде ағаштан, кейін тас мен металдан жасалды. Сойыл – көбіне шығыс халықтарына тән дүние. Ежелгі еуропалық мәдениетте мұндай қару өте сирек қолданылған. Мәселен, бұл қаруды б.з. ІІ ғасырларында тек рим әскері ғана қолданған. Тек XVІІІ ғасырдан бастап қана сойыл түрлері еуропалық қару-жарақ қатарына енгізіле бастаған. Кейін тіптен билік пен абыройдың символына айнала бастайды. Оның бас жағы темірмен қапталады, кейбір түрі үлкен шегелермен қадауланды. «Мұндай ағаш сойыл түрлерін атам қазақ шомақ деп атаған.
Бесінші бөлім ату қаруларына – садақ, жебе, оқтар жатқызылды. Садақ – ежелгі замандардағы аңды алыстан жайрататын ең көне әрі көп таралған қару түрлерінің бірі. Садақтың тарихы сонау мезолит дәуірінен басталып ХХ ғасырға дейін дүние жүзінің барлық халықтары пайдаланған. Түркістан маңындағы Сидақ ата, Қаратөбе, Жүйнек деп аталатын қала орындарындағы қазбалардан жебе түрлері көптеп табылған. Музей қорында жебе ұштарының қоладан, сүйектен жасалған түрлері бар. Олардың ішінде қола дәуірінің орта кезеңіне жататын кремний деп аталатын тастан жасалған б.з.д. ХVІ-ХІІ ғғ. тән жебелермен бірге VІІ-VІІІ ғғ. түркілер кезеңіне тән жебелер де бар. Мұндай жебелерді ІІ мыңжылдықтың бас жағында көшпелі халықтар көптеп қолданған. Осы бөлімге ату құралдары ретінде қамал қоршауларын бұзуға арналған тас атқыш оқтар да қойылды.
Ежелгі заман мен орта ғасырларда ширатылған талшықтың (сіңірден, былғарыдан, тағы басқа материалдан жасалған) серпімділік күші арқылы жұмыс істейтін лақтырғыш құралдары пайдаланылды. Орталық Азияда тас атқыш құралдар орта ғасырлардан бастап қана қолданыла бастаған. Бұл құралдарға түрі жағынан да, принципі жағынан да жақыны – «Невробалиста». Қатты ширатылған қалың арқанның серпу күшін пайдаланып жұмыс істейтін құралды Бұхара ханы Абдолла ІІ-ші Сауранды қоршаған кезде пайдаланғаны тарихи деректерден белгілі.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі