Ақпарат Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісай ауданы тұрғындарымен кездесіп, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Өзекті мәселелер бойынша сұрақтарына жауап берді. Өңір басшысы алдыңғы кездесу нәтижесінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, ел көтерген мәселелер шешімін тауып жатқанын жеткізді.

– Биыл сәуірде өздеріңізбен кездесіп, тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелерді талқыладық. Жалпы халықпен кездесу мен жеке қабылдау барысында 30-дан аса мәселе көтерілді. Оның басым бөлігі өз шешімін тапты. Жетісай қаласындағы 5 қабатты 6 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру үшін қаржы бөлінді. Биыл құрылыс жұмыстары басталады. Ж.Ералиев ауылдық округінің елді мекендерінің ауыз су жүйелері мен су өлшеу шкафтарын, Ғ.Мұратбаев елді мекенінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы қарастырылып, жұмыс басталып кетті. Жылы су ауылдық округіне қарасты облыстық маңызы бар КХ – 9 автомобиль жолының бойынан ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын аяқ жол салу жұмыстары жүріп жатыр. Қыркүйекте жол тапсырылады. Республикалық бюджеттен Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» газ тарату стансасын (АГТС) салу үшін тиісті қаржы бөлінді, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Қазір Жетісай ауданында жалпы құны 3,7 млрд. теңге құрайтын 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 1 нысан пайдалануға тапсырылады, 3 нысан 2023 жылға өтпелі. Тұрғындарды үймен қамтамасыз ету мақсатында Жетісай қаласында 5 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Биыл пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Жетісай қаласы аумағында 80 га жер теліміне инженерлік инфрақұрылым яғни, газ және кәріз жүйесін тарту жұмыстары жүріп жатыр. Ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 3 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары басталған. Нәтижесінде Мақталы ауылдық округі, Мақталы елді мекені ауыз сумен қамтамасыз етіледі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 35 жоба іске асып жатыр. Бұл – ауданның инфрақұрылымын дамыту әрі жақсарту бағытындағы жұмыстың күшейгенінің белгісі.

Кездесу барысында өңір басшысына әлеуметтік нысандар салу, АӘК алу, әлеуметтік жағдайды жақсарту бағытында сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Одан кейін өңір басшысының жеке қабылдауында да тұрғындар өз ұсыныстарын айтып, мәселелер көтерді. Әрбір ұсыныс назарға алынып, заң аясында жұмыс жүргізіледі.

Осы жұмыс сапарында облыс әкімі Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Нұралы жол-Ж» шаруа қожалығының мақталық алқабының жұмысымен танысты. 500 гектарға жуық жері бар шаруа қожалығында биыл 180 гектар мақта, 277 гектар бақша дақылы, 30 гектар жоңышқа, 10 гектар дәндік жүгері егілген. 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығында шаруалармен кездескен Ө.Шөкеев егістікті әртараптандыру, ағын суды үнемдеу, тамшылатып суғару және жаңбырлатып суғару технологиясын кеңінен енгізу жөнінде пікір алмасты.

Биыл аудан бойынша жалпы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болса, оның ішінде мақта 49,5 мың гектар алқапты қамтып отыр. Өңірде отандық және Түркия, Өзбекстан мен Қытай елдерінен тасымалданған 1626,3 тонна шит дайындалған. Өнімділік деңгейін арттыру үшін зиянкестермен күрес шаралары мен жаппай суғару жұмыстарына арнайы бірнеше семинар-жиындар жүргізілген.

Қатысты жаңалықтар

«ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК» ЖОБАСЫНА КЕЛІП, МӘСЕЛЕСІН ШЕШІП КЕТТІ

azatmedia

ЕҢБЕК АДАМЫ: БІРНЕШЕ КӘСІПТІ МЕҢГЕРГЕН НАҚЫП АҒА

azatmedia

ШАРДАРА: АРДАГЕРЛЕР ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІН ӨТКІЗДІ

azatmedia