«Осыдан біршама уақыт бұрын Шымкент қаласы Nur Otan партиясы ғимаратында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаевтың қоғамдық қабылдауында болып едім.
Жаңадан сайланған жас депутатқа жеке мәселелерін айтып келген қала тұрғындары көп болды. Бірі қала аумағына қосылған шалғайдағы елді мекенің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын айтса, бірі баспана мәселесін қозғап жатты.
Әріптес інім, депутат Талғат Балтабаевқа артылар жүк те жеңіл емес. Сайлау додасына қосылғанда, әсіресе, БАҚ өкілдері тақымымызды қысып, бәйгеден озып келсін деп тіледік. Тартысты саяси дода да жеңіске деген жігер танытып, топ жарды. Депутат болса, ел қамын ойлайды, халықтың мұң-мұқтажын шешеді деген сенім мол болды. Мен өз басым алғаш рет депутат қабылдауында болып, көкейде жүрген мәселемді қозғап едім. Мен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ҰЛТ » идеясын Шымкент қаласында жүйелі жүзеге асырудың негізгі бағыттары жайында әңгіме өрбіттім.
Бұл қабылдаудан кейін білім саласында оңды өзгерістер мен тың бетбұрыстар жасалынды. Билік сан алуан жобалардв жүзеге асырды. Интеллектуалды ұлт жанашыры болып жүрген Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева да қатысып, ол білім саласында зияткерлік ойынды дамытудың жаңалықтары мен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайлы кеңінен әңгіме айтты.
Тәжиева ханым осы жобаға атсалысып жүрген бізге де алғысын айтып өткен. Депутат әріптес Талғат Балтабаев интеллектуалды ұлт жайында айтқан ұсыныс- пікірлерді мұқият тыңдап, интеллектуалды ұлт пен ақыл-ой тәрбиесі болып саналатын зияткерлік ойын шахмат жобасына қолдан келген қамқорлығын аямайтынын жеткізген. Қоғамдық қабылдаудан көтеріңкі көңіл күймен шыққан едім. Ұлттың болашағына жаны ашитын Талғат Балтабаев секілді халық қалаулылары көп болсын деген тілегімді де айтқанмын».
Балтабек Түйетаев,
«Еркін ой» газетінің бас редакторы