Батыс Қазақстан облысында ер адам туған анасын ұрып өлтірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Полицейлер 9 тамыз күні сағат 18:30 шамасында Бәйтерек ауданындағы ауылдардың бірінен 61 жастағы әйелдің мәйіті табылғанын хабарлады. Бұл деректі тәртіп сақшыларына марқұмның 35 жастағы ұлы жеткізген.
«Марқұмның денесі табылған соң дабыл бойынша барлық жеке құрам жұмысқа жұмылдырылды. Әйелдің ұлы тергеуді шатыстыруға тырысып, қылмысқа қатысы бар екенін жасырып қалды. Ақырында туыстар бірге ішімдік ішіп отырған кезде жанжалдасып қалғаны анықталды. Сол сәтте азамат анасының кеудесінен қолымен ұрғаны анықталды. Алған жарақаты салдарынан әйел қайтыс болды»,- деді БҚО ПД бастығы Мақсұтқан Әбләзімов.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 106- бабы 3- бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Ұсталған азамат 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.