Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов қаладағы эпидахуалдың нашарлауына байланысты «Жедел медициналық жәрдем көрсету» стансасының 112 Call-орталығының жұмысын көрді. Қазір Call-орталыққа бір тәулік ішінде 2100 шақырту түсуде. Мұнда тәулік бойы 30 диспетчер қызмет етеді.
Орталық жұмысының дайындығын пысықтау барысында қала басшысы науқастарды жедел қабылдау және емдік шараларды тез арада жүргізу процесін оңтайландыруды және қателікке жол берілмеуі тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар, пандемияға байланысты құрылған штабтың жұмысын күшейтуді тапсырды.
Мұндағы ерекшелік – орталық келіп түскен қоңырауларды басқаруда PRI арнасындағы үздіксіз режимдегі байланыс желісі және спутниктен бақыланатын жүйе мен мобайл интернет пайдаланылады. Операторлар небәрі 10 секунд ішінде бригадаға шақырту туралы хабар жібереді.
Мұнымен қатар, осынау ақпарат жүйесі арқылы Шымкент қаласы картасынан мекенжайларды іздеп, көлік қозғалысын қадағалап, жылдамдығын, күту уақытын және тағы басқа операцияларын автоматты түрде бақылай алады.