Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде қазақ елін төрткүл дүние танып, әлем мойындады.
Сонау тәуелсіздік алған тұста еліміздің бірден «аяққа» тұрып кетпегені белгілі. Әлемге беймәлім елдің болашағы бұлыңғырлау көрінгені де рас. Бірақ біздің халқымыз еш уақытта мойыған жоқ. Бұл туралы Елбасымыз: «Тәуелсіздік алған тұста бұрынғы Кеңес Одағының соңында қалған республика болатынбыз. Экономикамыз әлсіз, қолда бар өндірістер мен зауыттар әбден ескірген. Мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы тауып берудің өзі қияметтің қиыны болатын. Қазақстанның өзі түгілі аты әлем елдерінің көпшілігіне бейтаныс еді. Бірақ біз еш уақытта мойыған жоқпыз», — деген болатын.
Бүгінде біз қиын-қыстау кезеңдерді артта қалдырып, дамудың даңғыл жолына түстік. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында экономикамыз дамып, халықтың әл-ауқаты артып келеді.
Сонымен 1991-2021 жылдар аралығында еліміз, оның ішінде Шымкент қаласы тәуелсіздіктің арқасында қандай жетістіктерге қол жеткізді? Саралап көрейік…
БІРІНШІ ОНЖЫЛДЫҚ:
АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР
1991 жыл
Тамыз айындағы Мәскеуде өткен дүмпуден кейін, Коммунистік партия таратылып, қоғамдық мүлік билікке берілді.
24 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ағымдағы жағдайды бағалау және Республика егемендігін нығайту шаралары туралы» Қаулы қабылдады.
29 тамызда Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы шықты. Қазақ жерінде 40 жылдан астам уақыт бойы сынақ жүргізілген ядролық қаруға нүкте қойылды.
Тамыз-қазан айларында Президенттің Жарлығымен прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет және сот органдары бөлінді. Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды.
2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты.
16 қазанда «Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы» Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды.
1 желтоқсанда Қазақ КСР Президентінің сайлауы өтті. Сайлау нәтижесі бойынша дауыс беруге қатысқандардың 98,78 пайыз дауысына ие болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Республика Президенті болып сайланды.
10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заңын қабылданды. Осы заңға сәйкес, жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды.
16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, еліміз өз тәуелсіздігін жариялады. Түркия Республикасы бірінші болып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін таныды. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
17 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңғыру күні болып жарияланды.
20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы қабылданды.
21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды.
Желтоқсан айының соңында Алматыға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келіп, Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін таныды.