Соңғы жаңалықтар

ҚАЖЫМҰҚАН ТҰРҒАН ҮЙ

Күш атасы Қажымұқан өз қолымен тол­тырған өмірбаянында Ақмола облысында дүниеге келгенін жазады. Оған дау жоқ. Алайда, Отырар ауданы, Шілік ауылдық округі Ақтөбе елді мекенінде дүниеге келді деген сөз ертеден айтылып келеді.

Сол Ақтөбеде өткен келелі жиында күш атасының көзін көрген ағайыны, бүгінде марқұм Дүрман Есжанов ақсақал «Қажымұқанның атасы Ернақ Шiлiк елдi мекенiнен шығаберiс жердегi қо­рым­да жерленген.

Балуан бабамыз – күллi қазақтың ғана емес, исi мұсылман жұртының мақтанышы. Шетелдерге барып күрескенде алдымен Аллаға сиынып, Қобыланды бабасына дұға бағыштап, күрес алаңына шыққан. Мұңайтпас Ақтөбеден көшкенде Қажымұқан әлi буыны қатпаған нәресте. Әкесi дүние салған соң, анасы балуанға туған жерге қайта қоныс аударуды үнемi айтып отырған», деген естелік айтып отырады екен. Қажымұқан ата-баба қонысына 1934 жылы оралады. Ауылдын биік жотасынан қоржын там салады. Бірақ, тіршілік жағдайы қиындаған соң жол бойындағы Ордабасы ауданы, Темірлан ауылына 1947 жылы көшіп, өмірінің аяғына дейін сол жерде тұрады.

– Ақтөбеде балуан тұрған үйдiң орнында бүгiнде ашық аспан астындағы мұражай бой көтерді. Тозған үйдi ауылдағы бiлiм ошағы өз қарамағына алып, қайта қалпына кел­тiрді, – дейді Ақтөбе ауылындағы Қ.Мұ­ңайтпасов атындағы орта мектептiң дирек-
т­оры Жангелдi Нұров. – Мұражайдың iшi-сырты реттелiп, күрделi жөндеуден өттi. 2009 жылы демеушiлердiң көмегiмен балуанның ескi үйiнiң орнына дәл сондай қоржын там салынып, төбесi су өтпейтiн қаңылтырмен қапталды. Мұражайда батыр бабамыздың ел iшiндегi туған-туыстары мен дос-жарандарынан жиналған құнды жәдiгерлер сақтаулы тұр.

Сол мұражайды заманауи талаптарға сай жасақтап, жанынан саябақ құрылысын жоспарлап, арнайы жоба да жасадық. Жоспарымыз iске асса, бабамыз тұрған орын гүлзар баққа айналып, ауыл тұрғындары мен қонақтарының демалатын орнына айналмақ.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ руха­ни­я­тының ұлы тұлғасы. Тау тұлғаны қалай ұлықтаса да жарасады. Iзiн жалғайтын, тарих­ты ұмытпайтын ұрпақтары бар жерде ұлы ба­баның мұрасы өлмек, өшпек емес. Ойға ал­ған мақсатқа жету үшiн арнайы шот ашылып, қор құрылды.

Бұл мақсат та орындалар. Әзірге Ақтөбе ауылындағы Қажымұқан бабамыз өз қолымен кір­пішін қалаған, жотаға салған үйінің қаз қал­пына келтірілген нобайы көзге оттай басылады.

Харбинде өткен Ресей-Жапония балуан­дарының белдесуінен кейін жапонның бас балуаны Саракики Джифонду өлім мен өмір беттескен джиу-джитсу жекпе-жегіне шақырғанда орыс балуандары бас бұғып қалады. Сонда «жаным – арымның садағасы» деп Қажымұқан буырқанып кілемге шығады. Арғы жағы оқырмандарға белгілі. Қайдағы Ресей империясы үшін емес, өз елінің, өзінің намысы үшін өлімнен қаймықпаған қазақтың бас батыры алаш баласына қашанда үлгі. Бар қазаққа тең батыр ерлігі бүгінде спортшыларымызды шарқайрақтай қайрап жүр.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қатысты жаңалықтар

Сарыағаш: Қызылжар елді мекеніндегі көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқын алған

azatmedia

ПОЛНОСТЬЮ ЗАВЕРШЕНЫ ВЕСЕННЕ-ПОЛЕВЫЕ РАБОТЫ

azatmedia

ТҮЛКІБАС: МАСАҚТЫ ДАҚЫЛДАРДЫ ЕГУДІҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН НАСИХАТТАУ БОЙЫНША СЕМИНАР –КЕҢЕС ӨТТІ

azatmedia