Соңғы жаңалықтар

МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІ ТҰСЫ КӨП

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Ш.Шерімов және филиал бөлімінің басшысы А.Беденнің қатысуымен қаладағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі туралы брифинг өтті. Баспасөз мәжілісінде Шалхар Шәкімұлы міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің халыққа тиімді тұстарына тоқталды. – Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін тұрғындардың денсаулығын сақтауға бөлінген қаражат мөлшері ұлғайды. Яғни, бұл жүйе енгізілген уақытқа дейін азаматтар тек қана тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберінде медициналық көмекті алып, порталға кезекке тұрып, оны айлап күтуге мәжбүр болған. Бірқатары кезек күтпей, өз қаражатына емделетін болған. Ал бүгінде жүйенің қатысушылары қосымша қаражат жұмсамай, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қосымша медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие. Яғни табыс мөлшеріне қарамастан, осы жүйеде көрсетілетін барлық медициналық көмекке, оның ішінде жоғары технологиялық зерттеулер, қымбат бағалы медициналық қызметтер және оталарға қол жеткізді, – деді орынбасар. Ахмет Беденнің айтуынша, қалада халыққа медициналық көмек көрсетуге үміткер медициналық мекемелер саны ұлғайған. Осы жылы 117 медициналық мекемемен келісімшарт жасалып, оның 84-і жеке меншік иесіндегі ұйымдарды (71,8%) құрайды. Медициналық мекеме санының артуы олардың арасында шынайы бәсекелестікті туғызады. Ал аталған жүйеде әр тұрғын емдеу мекемесін таңдауға құқылы. Бұл ретте медициналық орындар тұрғындарды өздерінің мекемесіне тарту үшін жағдай жасауы және медициналық көмек сапасын арттыруы тиіс. Брифингте белгілі болғандай қалада «Qoldau 24/7» атты мобильдік қосымша құрылған. Бұл жүйе арқылы әр тұрғын сақтандыру бойынша толық ақпарат алуға, денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен ұсыныстар қалдыруға, медициналық мекеме немесе медицина қызметкерлері тарапынан болған кемшіліктер туралы арыз-шағым түсіруге болады. Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша медициналық сақтандырылғандар саны 849 875-ті (82%) құрап отыр.

Қатысты жаңалықтар

ҚАЛАДА КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫ ҚАТАҢ САҚТАЛУДА

azatmedia

Түркістан облысында пара алған судьяға сот үкімі шықты (Видео)

azatmedia

Дін туралы заң зайырлылықтың айнасы

azatmedia