Тәуелсіздіктің 30 жылының ішінде 2 млн-нан астам мұғалім курстық дайындықтарда, конференцияларда, семинарлар мен вебинарларда біліктіліктерін арттырды. Орта білім ұйымдарында жұмыс істейтін педагог-магистрлардың саны артты. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептерде 9 751 педагог-магистр жұмыс істейді. Жыл сайын орта есеппен 10 мыңнан астам жас маман республика мектептерінде жұмысқа орналасады. Мәселен, өткен жылы еліміздің білім беру ұйымдарына 10 900 жас маман орналасса, оның 5 411-і ауыл мектептерінде жұмыс істейді.
Педагогикалық корпустың сапалық құрамын жақсарту үшін 2018 жылдан мұғалімдерді аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі енгізілді. Ұлттық біліктілік тестін сәтті тапсырған педагог біліктілігіне байланысты жалақысына 30-дан 50 пайызға дейін үстемеақы алады. Бүгінде 158 405 мұғалім немесе жалпы ұстаздардың 50,4 пайызы ұлттық біліктілік тестінен сәтті өтті.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды. Педагог мамандығының мәртебесін арттыру үшін жүктеме 18-ден 16 сағатқа дейін қысқартылып, мұғалімдердің есеп-қисап беретін құжаттарының саны 10-нан 2-ге дейін азайтылды.
Өткен жылы педагогтердің жалақысы қосымша ақы мен үстемақылардың артуы есебінен 45 пайызға, ал осы жылдың қаңтарынан 25 пайызға артты. Дене тәрбиесі пәнінен беретін педагогтерге үйірмелер мен спорттық секцияларды жүргізгені үшін қосымша ақы төлене бастады. Еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге ұзартылды. Ұлттық біліктілік тестілеу қорытындысы бойынша мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысын көтеру де көзделген. Олар лауазымдық жалақыларына 30-дан 100 пайызға дейін қосымша ақы алатын болады. Сонымен қатар елімізде педагогтерді қызметіне кірмейтін жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынған.