Шымкент қаласы, Қаратау ауданы аумағында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына 6 мобильді топ күнделікті мониторинг жұмыстарын жүргізуде.
Атап айтсақ, аудан аумағында ағымдағы жылдың 1, 2, 3 – шілде күндері 138 кәсіпкерлік нысанға мониторинг жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 9 нысанда карантин режимінің талаптары бұзылғандығы белгілі болды.Тексеру барысында «Асар» шағынауданы «Жаңа ғасыр» кафесінде, «Нұрсәт» тұрғын алабы «7 шаңырақ» мейрамханасында көпшілік жиын жасаған.
Сонымен бірге, сауда орындарында бетперде тақпау, дезинфекциялық кілемшелердің жоқтығы, сонымен бірге кейбір дәмханаларда «ASHYQ» жобасына тіркелмегендігі анықталды.
Кезекті мониторинг нәтижесі бойынша аудандық мобильді топ Заң талаптарына бағынбаған нысан иелерінен түсініктемелер алып, құзыретіне сәйкес шара көру үшін Қаратау ауданы санитарлық – эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолдады.
Мамандар қала тұрғындары мен қонақтарынан қазіргі таңдағы қала аумағындағы эпидахуалдың тұрақсыз екенін еске сала отырып, қала ішіндегі қоғамдық көліктерде, халық көп шоғырланатын жерлерге барғанда міндетті түрде санитарлық талаптарды сақтап, маска тағып жүрулерін сұрайды.