Мемлекет басшысының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, өткен жылғы 26 маусымда «109» желісі арқылы «iKomek» байланыс орталығы ашылған. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов баспасөз брифингінде баяндады.
Тәулігіне 24 сағат демалыссыз қызмет ететін Орталық азаматтардың өтініші бойынша әлеуметтік мәселелерді шұғыл шешумен айналысады. Бір жылда 150 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның 98 пайызы бүгінгі күнге шешілген. Одан бөлек, қала әкімі бастаған басшылық құрам апта сайын әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы тікелей эфирге шығып, халық сұрағына жауап беріп отырады.
Биылдан бастап қаладағы 4 ауданға «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізілді. Қаланың кез – келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб – порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі бар.
Жалпы алғанда, 2021 жылғы қалалық бюджет өткен жылға қарағанда төрт пайызға ұлғайып, 481,6 млрд. теңгені құрап отыр. Оның 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған.