Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы мектепте еден жуатын әйел елге видеондеу жасап, білім ордасының директорының үстінен арызданды. Ол басшысына ұзақ уақыт бойы ақша беріп келгенінжеткізді деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сарыөзек ауылында тұратын Ұлболсын Қыстаубаева ай сайын жалақысының бір бөлігін беріп отырғанын жеткізді. Шамамен 12-20 мың теңге. Оның сөзінше, бұл процесс соңғы 5 жылдан бері жалғасып келеді.
«Мен 2016 жылдан бастап 2021 жылға дейін Күреңбел мектебінде еден жуушы болып жұмыс істедім. Осы уақытта Күреңбел қазақ орта мектебінің директоры Кәмшат Болатханқызына 2016 жылдың қараша айынан бастап 2021 жылдың желтоқсан айына дейін 12 мыңнан 20 мың теңге аралығында ақша беріп отырдым. Соны не үшін бердім? Бұл ақшаны менен не үшін ұстап келді, соны бас есепшіден анықтауын талап етемін.
12-20 мың теңгесін бересің деген соң беріп отырғанымды әліге дейін түсінбеймін. Сондықтан бухгалтериядан менің неше «ставкада» жұмыс істегенімді, қанша жалақы алуым керектігін тексеруін сұраймын. Мен қазір жұмыс істемеймін. Өйткені, енді ақша бермеймін дегенім үшін жұмыстан шығарды. Еңбегімді жеді, бұл ақша сонда маған тиесілі емес пе еді?» – деді өзін Қыстаубаевамын деп таныстырған әйел.
Аудандық білім бөлімі басшысының сөзінше, еден жуатын кіші қызметкерлердің айлығы онсыз да мардымсыз. Қолына 47-50 мың теңге аралығында жалақы алады екен. Еске сала кетсек, бұған дейін дәл осы аудандағы елуге тарта мектептің директорлары облыстық СЭБ басқармасының ұсынысымен 50 мың теңгеден жинағанын жазған болатынбыз. Осындай жағдайлар өңірдің атын жаман жағынан шығарып қана қоймай, мұғалімдердің атына кір келтіріп, білім саласына кері әсер етіп жатыр, дейді ауданның бас педагогы.
«Күреңбел қазақ орта мектебіндегі жағдайды облыс әкімі де біледі. Еден жуған әйел қазір жұмыс істемейді ол жерде. Аталған жағдайға қатысты басқа адамдар жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінң облыстық департаментіне арыз жазған. «Мертвая душа», яғни жоқ адамдардың атына айлық жазылған деген арыз түскен. Сол бойынша бүгін мектепте аудиттік тексеру басталды. Бізде білім бөлімінде бухгалтерия орталықтандырылған. Сол бойынша да тексеріс жүргізіп жатыр. Тексерушілер облыстан келді. Даудан арылмаған директорлардың әрекеті әбден шаршатты», – деді Кербұлақ ауданы білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Гүлжанат Сағатова.
Ол еден жуған әйелдің бірнеше жылға созылған мәселені не үшін бұрын мәлімдемей, енді ғана жариялап жатқанын түсінбейтінін жасырған жоқ. Ал даулы білім ордасының басшысы Кәмшат Болатханқызы бұрын қоластында жұмыс істеген қызмектердің айыптауын жоққа шығарып отыр. Ол мектеп ашылған уақыттан бері осында директорлық қызметте екенін мәлімдеді.
«Ұлболсын Қыстаубаеваның мәлімдемесі шындыққа жанаспайды. Бұл адам қазір Сарыөзек кентіндегі басқа мектепке жұмысқа тұрған. Мен одан ақша алған жоқпын. Онсыз да айлығы аз. Мектептің штатында тазалық жұмыстарына жауапты 20 жұмысшы бар. Бұл әйел декреттегі өзге адамның орнына уақытша жұмысқа тұрған. Кейін жұмыстан кеткен соң ренжіп, осылай айтып жатқан шығар. Білмедім», – деді Кербұлақ ауданы Күреңбел орта мектебінің директоры Кәмшат Қыстаубаева.
Еден жуып, тапқан айлығынан ақша өткіздім деген Ұлболсын Қыстаубаева 55 жаста. Төрт баласын асырау үшін ауыр жұмысқа жегілуге мәжбүр болған. Оның сөзінше, өзі ғана емес, өзге де кіші қызметкрелер алдын ала жасалған тізім бойынша директорға ақша өткізіп отырған.
«Әу баста 32 мың теңге айлық алсам, кейін карточкаға 75 мың, 90 мың теңге түсіп тұрды. Өзімнің 50 мың теңге жалақымды алып, қалғанын Эльмира деген вахтершыға тізім бойынша өткіземіз. Жалғыз мен ғана емес, Айсұлу, Гүлжазира, Қаламқас деген өзге де еден жуатын әйелдер ақшаны өткізіп тұрдық. Директор тізімді жазып береді. Сол бойынша бәріміз мектептің екінші кіреберісіне апарып ақша өткіземіз.
«Наурыздан бері жұмыссызбын. Мені қуып жіберді. Ол мектепте бес жыл еден жудым, тазалығына жауапты болдым. Жұмыстан шығаратын кезде директор Ринат деген полицияны шақырып қорқытты. Шілде айында кезекті еңбек демласына шығуым керек еді, соған жеткізбей қуып жіберді. Демалыс күндеріме төлем де жасамады», – деді Ұлболсын Қыстаубаева.