Жаңалықтар Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда көкөніс бағасы күрт қымбаттап кетті

Қазақстанда көкөніс қымбаттады. Әсіресе, картоп пен сәбіз бағасы айналдырған бір аптаның ішінде екі есеге өскен. Атырау мен Ақтөбеде картоптың бір келісі 400 теңгеден сатылып жатыр. Шығыс өңірлерде де қымбатшылық қысып тұр. Семейде сәбіздің  құны келісіне 500 теңгеден асыпты деп хабарлайды КТК.

Мұны сатушылар қордағы көкөністің азюымен байланыстырады. Оған қоса, оңтүстіктегі өндірушілер бағаны көтеріп жіберген. Ақтөбе базарларындағы ең арзан картоп 400 теңгеден басталады. Осыдан бір апта бұрын келісі 250-270 теңге тұратын. Сәбіз бен қырыққабат, жуа құны да шарықтап кетті. Қымбатшылыққа күйінген тұрғындар бағаны тұрақтандыра алмай отырған билікке өкпелі.

«Бәрі де қымбат, айтар сөзім жоқ. Бұрынғы бағалардың маңына жуыспайды. Амалсыздан аламыз. Бірақ бағасын қатты көтеріп жіберген»,- дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Орынша Бақтыбаева.

Атырауда да бір келі картопты 400 теңгеге, сәбізді 500 теңгеге сатып алуға болады. Осы күнге дейін көкөніс өнімдерінің басым көпшілігі Ираннан жеткізілетін. Қазір мұнайлы астана жұртшылығын Өзбекстан мен Әзірбайжаннан жеткен жеміс-жидек жарылқап отыр. Саудагерлердің айтуынша, жол қатынасы күрт қиындаған. Тек пияз бен қырыққабатты Шымкенттен тасып жатыр. Ал қорда картоп жоқ.  

«Өзіміздің Қазақстанның бір өнімі жоқ. Бәрі шетелден келіп жатыр. Басқа елден, көрші елдерден. Мысырдан картоп бар еді, арзан, ол да бітіп қалды. 170 теңгеден алып келіп едік. Мысалы, кешеден бері картоп ала алмай отырмыз. Келген картопты қылдай бөліп беріп жатыр»,- деді Атырау қаласының тұрғыны Алдау Демешова.

Семейде де көкөніс құны күн санап қымбаттап барады. Соңғы бір аптада қызанақ бағасы келісіне екі есеге өскен. Ал картоп, сәбіз, қызылша 20-30 теңгеге қымбаттапты. Сатушылар оны оңтүстіктегі өндірушілерден көреді. Себебі, сол жақтағылар көтерме бағаны өсірген.

«Бәрі қымбаттап кетті. Қызылшаның өзі көтерме бағасы 400 теңге, сәбіз 350, картоп 300 теңге, қияр, қызанақты айтпағанның өзінде. Күннен-күнге қымбаттап жатыр»,- дейді Семей қаласының тұрғыны Гүлмира Темірболатқызы.

Қазір еліміздің бар өңірі оңтүстіктен жеткізетін көкөніске қарап отыр. Шенеуніктер сол жақтағы әріптестерінен бағаны көтермеуді өтініп жатқан көрінеді. Тауарды жеткізуге кететін шығынды билік өз мойнына алуға да әзір. Мысалы, Ақтөбеге картоп пен сәбіз жеткізуге екі көлік жіберген.  

«Оңтүстік аймақ қымбат бағамен беріп отыр. Қазір өндіруші аймақтармен сөйлесіп, оңтүстік аймақ жеткізуді қамтамасыз етеді. СПК Ақтөбе арқылы екі көлік тікелей барып әкеледі. Сонымен бағаны азайтамыз», – деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев.

Көкөніс құнының қымбаттауына өткен аптадағы жүк көлігі жүргізушілерінің наразылығы да себеп болғанын айтады. Өйткені біраз күнге қатынас тоқтаған. Онымен қоса қорда сақтаулы былтырғы өнім де таусылуға шақ қалған.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ОТАНДЫҚ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫНА ҚАТЫСТЫ

azatmedia

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҚҰРЫЛЫСЫ ДЕПУТАТТАР НАЗАРЫНДА

azatmedia

Дәрігер балаларда қандай жағдайда COVID-19 асқынатынын айтты

azatmedia