Соңғы жаңалықтар

Баланы жазда үш айға ата-әжесіне жіберу дұрыс па: Отбасы психологы жауап берді

Жазғы каникул келуімен ата-аналар балаларының демалысын қалай ұйымдастыратыны жайлы ойланып, бас қатырады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында отбасы психологы Ержан Мырзабаев балалардың жазғы демалысында ата-аналар қандай мәселелерге баса назар аудару керектігін айтып берді. Маман баланы жалғыз өзін ата-әжесіне ұзақ мерзімге неліктен жіберуге болмайтынын түсіндірді.

Маман ата-аналарға бала денсаулығына сақ болуға, оның қауіпсіздігін бірінші кезекке қоюға шақырды.

«Жазғы демалыстың келуімен көп ата-ананың осы демалысты қалай ұйымдастырсам деп бас қатыратыны рас. Оқырмандар үшін пайдалы болатын бірнеше кеңес айтайын. Ең бірінші маңызды нәрсе – баланы мүлде қараусыз қалдыруға болмайды. Балаға үйде, далада, көшеде, суда, табиғатта қауіпсіздік ережелерін үйретуге міндеттіміз», – дейді психолог.

Ержан Мырзабаев жазғы каникулда ата-аналардан баланы ата-әжесіне екі-үш айлап жалғыз жібермеуді, ең дұрысы баламен бірге баруды сұрайды.

«Жазғы демалыс бір-бірімізден демалатын кезең емес, бірге демалатын кезең. Туыстарды, ата-әжесін көруге баланы ұзақ мерзімге жалғыз жіберген дұрыс емес. Өйткені жазғы демалыс сияқты ұзақ мерзімді балалар ата-анасымен бірге өткізгісі келеді. Ал жыл бойы ата-аналарының жұмысы, сабақ оқу сияқты қарбаластың ішінде балаға ата-ананың көңілі, назары жетпей тұрады. Ал міне, каникул келді, енді бірге боламыз дегенде екі-үш ай ата-әжесіне бару балаға өзін керексіз сезіндіреді. Жалғыз қалғандай сезінеді. Сонымен қатар туған әке-шешесі қасында болмағандықтан өзін қорғансыз сезінеді. Ата-әже балаға ата-ана сияқты тікелей жауапты емес. Екіншіден баланы қорғай алмайды. Келесі маңызды фактор – ұрпақ, буын арасындағы жас айырымашылықтары. қазіргі таңда 30-40-тағы ата-аналардың өздері балаларымен зорға тіл табысып жатқанда, 50-60-тағы ата-әжесінің тіл табысуы одан да қиын. Олар тек қана сүйіспеншілігін, мейірімін көрсетіп, жақсы көріп, еркелетуі мүмкін. Ал баланың тәрбиесіне, жетілуіне, дамуына, баланың ішкі жан дүниесін түсінуге жас ерекшелігі үлкен кедергі болады деп ойлаймын. Сол үшін осындай кезеңдерде баланың ата-анасының қарауында, жанында болғаны өте маңызды», – дейді сөзіне дәйек келтіре отырып отбасы психологы.

Сондай-ақ, маман жазғы демалыс баланың дамуына көңіл бөлуге ең жақсы мерзім екенін алға тартады.

«Демалыс деп баланы бос жіберуге болмайды. Жазда бассейнге жаздырып, балаға жүзуді үйретуге болады, күнделікті 30 минут кітап оқытқан жөн. Оқу үлгерімі түсіп кетпеу үшін жазда сабақтарды қайталап отыру маңызды», – дейді психолог.

Ержан Мырзабаев ата-аналарға да балаларымен бірге уақыт өткізудің қызықты нұсқаларын ұсынады. Маман отбасымен бірге саяхатқа шығу, шетелге немесе көрші қалаға, ауылға, әсіресе тарихи танымдық жерлерді аралату баланың жан-жақты болып өсуіне әсер ететін айтты. Сондай-ақ, ол отбасылық фотосессия ұйымдастыру, видеотүсірім жасауға кеңес берді.

Қатысты жаңалықтар

ҚАЛА ӘКІМІ РЫСҚҰЛОВ-ҚОНАЕВ КӨШЕЛЕРІНІҢ ҚИЫЛЫСЫНДАҒЫ ЖОЛАЙРЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ

azatmedia

Қытай көшбасшысын сайқымазаққа теңеген адам 18 жылға сотталды

azatmedia

Жүргізушіні қарғаған жол полициясының әрекеті қызу талқыланып жатыр (видео)

azatmedia