Соңғы жаңалықтар

Ота жасатуға өз аяғымен келген жасөспірім он күннен бері өлім аузында жатыр

Шымкентте өз аяғымен ота жасатуға келген жасөспірім қыз өлім аузында жатыр. Айдана Қалдықұл тілінің астынан өскен етті бес минуттық операция арқылы алдырып тастау үшін облыстық балалар ауруханасына барған. Бірақ қарапайым отаны дәрігерлер тым күрделендіріп жіберген деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Айдана Қалдықұлдың жақындары 10 күннен бері медициналық мекемені торуылдап жүр. Төлеби ауданының тұрғыны тілінің астына шыққан етті алып тастау үшін 27-мамырда Шымкенттегі балалар ауруханасына келген. Жасөспірімнің туыстарының сөзінше, бес минут жасалады деген ота бірнеше сағатқа созылып, тіпті Айдананың жүрегі бірер минутқа тоқтап қалған.

«Наркоз көп берген. Бірінші салғырттығы. Сосын қарамаған, болмаған. Апараттары да істен шыққан екен. Өздері мойындап отыр. Мойындаған бас анестезиолог. Біз білмей қалдық, деді. Қыздың организмі жас, өзі жеңу керек. Қолдан келер шара жоқ деп отыр», – дейді Айдананың анасы Фарида Өтегенова.

Төрт баланың тұңғышы Айдана осы жылы 9-сыныпты бітірген. Миы қабынған ол 10 күннен бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Операцияға өз аяғымен кірген қыздың мұндай жағдайда екеніне жақындары сене алар емес.

«Білікті мамандарын шақырсын, қызымды аяғынан тұрғызсын. Айтарым осы. Өрімдей қыз еді, өз аяғымен келіп, мынадай жағдайға түсіп отыр. Кінәлілер жазалансын. Титтей нәрсеге менің қызымды қорлап отыр», – дейді Айдананың әжесі Зияда Молдыбаева.

Жасөспірімнің жақындары ота жасаған дәрігерлермен кездесуді талап еткен. Алайда олардың біреуі сырқаттанғанын айтса, екіншісі сөйлесуден бас тартқан. Ал жансақтау бөлімінің меңгерушісі бес сағаттық отадан шыққан Айдананың бөлімге түскенде миының 90 пайызы қабынғанын айтады. Сондықтан аяғына тұрып кетуі екіталай деп отыр.

«Телемедицина болатын болса, телемедицинамен сөйлесеміз. Егер жоғары жақтан кеңес берсе, бәрін істейміз», – дейді Түркістан облысы балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Құдайбергенова. Сонымен қатар, дәрігер жасөспірімді Алматыға институтқа жөнелтуге бола ма деген сауалға да жауап берді.

«Егер ол жақтан келісім болса. Бірақ барысын бақылаймыз. Қазір баланың жағдайы ондай тасымалдауды көтере алмайды, жағдайы ауыр», – дейді ол.

Ақ халаттылар Айдана аяғынан тұрғанымен, бұрынғы қалпына келмеуі мүмкін екенін жеткізді. Сондықтан оқушы қыздың жақындары қарапайым отада салғырттық танытқан дәрігерлердің жазалануын сұрайды. Қазір дәрігерлер тобына қатысты ішкі тексеріс жүріп жатыр.

Қатысты жаңалықтар

«Кітап -қазына, кітап – байлық» ісшарасы өтті

azatmedia

«Қазақ тілінің арқасында көтерілдім» – Балалар үйінде өсіп, дәстүрлі ән айтатын орыс жігіті жайлы не білеміз

azatmedia

«MAGNUM CASH&CARRY», «ГРАМАД» ЖӘНЕ «ФИРКАН» САУДА ЖЕЛІЛЕРІНІҢ БАҒАСЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

azatmedia