Халықаралық музейлер күніне орай, «Ордабасы» ұлттық тарихи –мәдени қорық музейінде «Музей ғасырлар куәсі» атты мерекелік шара өткізілді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Ордабасыда өткен ұлы құрылтайдың 295 жылдығы аясында өткізіліп жатқан бұл шара қорық музейдің жаңартылған экспозициясын салтанатты түрде ашылуымен басталды. Шараға қатысқан аудан тұрғындары мен қонақтары жаңартылған музей жәдігерлерімен жақын танысып ерекше әсер алғандарын айтып өтті. Сонымен қатар Ордабасы өңірінде орналасқан тарихи – мәдени ескерткіштер мен ұлттық құндылықтарымызды кең көлемде таныту, насихаттау біргелесіп іс – шаралар өткізу мақсатында Ордабасы аудандық әкімдігі мен «Ордабасы» қорық музейі арасында екі жақты меморандумға қол қойылды. Шара «Бірлік» монументі алаңында жалғасын тауып, Ордабасы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің Ордабасыда өткен ұлы құрылтайды насихаттау мақсатында театрландырылған қойылымы көрсетілді. Аталған қойылым шараға қатысушы қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлап ыстық ықыласына бөледі. Мерекелік шара аудан басшылары мен құрметті азаматтары, музей директорларының құттықтау сөзімен жалғасып, концерттік бағдарламаға ұласты. Алдағы уақытта баршаңызды Ордабасы қорық музейінің жаңартылған экспозициясымен танысып өткен ғасырлардан сыр шертетін жәдігерлерді тамашалауға шақырамыз.