Ұлағатты ұстазға қойылар талап қай кезде де жоғары. Сондықтан да ол замана көшін бастап, өскелең ұрпақтың сапалы білімі мен саналы тәрбиесі үшін үнемі ізденісте болуы қажет. Міне, осынау жауапкершілігі зор салада абыройлы қызмет етіп келе жатқан педагогтер қатарында Шымкент қаласы №23 мектеп – лицейінде физика пәнінің мұғалімі Карима Толегенова бар. Мамандығына адал, физиканың қыр – сырын бес саусақтай меңгерген, әдістемелігі әбден шыңдалған Карима Хамитқызы өзінің іскерлігімен, педагогикалық дарындылығымен ерекше. 30 жылдан аса тәжірибесі бар білікті маманның оқушылары физика пәнін терең меңгеріп, осы пәнге байланысты мамандықтарға таңдау жасауы, өмірде өз орнын табуына атсалысып отырғаны – өзінің қызықты, заманауи әдістерінің арқасы. Мұғалім физика пәнін оқушыларға ғылыми тұрғыдан негіздеп, қарапайым тілмен, өмірмен байланыстыра отырып түсіндіреді. Сонымен қоса, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай жеке бастарының психологиясын, жан дүниесін жете біліп, әр оқушының жүрегіне жол табады. Сабақ барысында слайд – фильмдерді пайдалану арқылы оқушылардың тақырыпқа және жалпы физика пәніне қызығушылығын арттырады. Ұстаздың оқушылары түрлі форматта өткізілген олимпиада, байқауларда жүлделі орындарға ие болып өзгелерден оза шауып жүр. Шығармашыл ұстаз жаратылыстану – математика циклы пәндері бойынша халықаралық олимпиада жеңімпаздарын дайындап шығарды. «Физика пәнінен жаңартылған білім беру», «Физика пәнінен тапсырмаларды әзірлеу және сараптау» , «Халықаралық жаратылыстану бағытындағы PISA-ға дайындық» курстары бойынша Түркістан облысы мен Шымкент қаласы педагогтеріне дәріс оқып, өзінің тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп келеді.
Келесі жаңалық