Соңғы жаңалықтар

Тәңірлік діні

Тәңірлік дін  туралы тікелей деректер Ғұн заманынан белгілі. Ғұндардың императорын тәңірқұты, қытайша «шанью» деп атады. Ғұн патшасы тәңірқұтыны «Аспан ұлы», «Аспан мен Жерден жаратылған, Күн мен Ай таққа әкелген, ұлы тәңірқұты» деп атайтын.

Олар, сондай-ақ әскердің оң және сол қанаттарын басқарды. Олардан төменірек Тәңірқұтының туыстары болып келетін белгілі бір аумақтардың басшылары отырды.

Тәңірқұты таңертең Күнге табынса, кешке Айға бас иетін. Тәңірқұтының мықты орталықтанған мемлекеттік аппараты, толып жатқан көмекшілері мен уәзірлері, әскербасылары болды. Тәңірқұтының билігі шексіз болған. Ол әрбір қоғам мүшесін өлім жазасына кесіп жібере алатын.

Ғұн патшасын Тәңірдің адамдарға сыйы, құты деп атап, сондықтан оларға Тәңірқұты деген ат берілді. Ғұн мемлкетінде бір Құдайға табынуға негізделген тәңірлік діні пайда болды және қызмет етті.

Көне түріктер «Бір Тәңірі» деп көк аспанға табынған. Тәңір көне түріктердің түсінігі бойынша, жер бетіндегі жанды, жансыз табиғаттың бәрінің үстінен қарайтын, соларды таратушы, соларды жарылқаушы, жазалаушы бір ғарыштық (аспандық) күш. Бұл жағынан алғанда, Тәңір кейінгі мұсылмандық «Алла», «Құдай» ұғымдарына жақын келеді. Ислам діні таралғаннан кейін де түркілердің, оның ішінде қазақтардың Алла ұғымындағы Тәңір сөзін жиі қолдануы олар туралы түсініктердің ұқсастығынан деп түсіну керек. Жалпы, Тәңір діні де Азиядағы ең көне бірқұдайлық дін.

Көне түріктер Тәңірмен қатар Жер, Суға да мінәжат еткен. Бұл олардың тіршілік көзі болуымен байланысты болса керек. Адамның да, малдың да, өсімдіктің де өнуі, өмір сүруі жерге, суға тікелей байланысты. Қазақтың арғы бабалары Күнге, Айға да табынған. Оның сілемдерін қазақтың салт-дәстүр ғұрыптарынан, дүниетанымынан көптеп кездестіруге болады.

Тәңірлік діннің арғы тегінде шаманизм жатыр. Шаманизм дінінің негізгі қағидасы бойынша, дүние түгелімен рухтардан тұрады. Жанды, жансыз дүниенің де рухтары бар. Шаманизмді құраушы діни сенімдердің тотемизм, фетишизм, анимизм, магия түрлері бар. Адамдардың өздерін белгілі бір хайуанаттан таралдық деп түсініп, соларға мінәжат етуі тотемдіктің көрінісі. Қырғыздардың бір бөлігі өздерін бұғыдан жаралдық деп есептейді. Фетишизм – белгілі бір заттың адам өміріне оң ықпалына сену. Қазақ балаға, оның бесігіне, жүйрік атқа, жас ботаға үкі немесе тұмар тағып қояды. Бұлардың бәрі фетишизм  сенімі.

Ұ.Маймақова.

Қатысты жаңалықтар

Үнді-қытай шекарасында атыс болды

azatmedia

Алаштың алыбы — Қажымұқан

azatmedia

ҚАЖЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

azatmedia