Соңғы жаңалықтар

ТӘУЕЛСІЗ КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ «АСЫЛ ЖҮРЕК» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТ САПАСЫН БАҚЫЛАДЫ

Шымкент қаласында зейнеткерлерге арналған «Асыл жүрек» әлеуметтік – медициналық орталығының күн тәртібі дәрігерлік тексеруден басталады. Қарияларға қызмет көрсету үшін жоғары және бірінші санатты дәрігер кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт дәрігерлері жұмылдырылған. Таяудан бастап мекемеде физиотерапия кабинеті ашылып, көпфункционалды «Полимаг» қондырғысы іске қосылды. Мамандардың айтуынша, бірнеше сырқаттарға таптырмас емдік қасиеті бар бұл медициналық аппарат әсіресе коронавирус инфекциясы мен пневмониядан кейінгі асқынулармен күресте әсері зор. Есесіне қан айналымын жақсартып, сұйылтады. Орталықтың басшылығы атқарылып жатқан осы және өзге де жұмыстар жайында мұнда арнайы тексеру шарасымен келген тәуелсіз комиссия мүшелері мен қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековке таныстырды. -«Асыл жүрек» әлеуметтік-медициналық орталығы қарияларға тәуліктің күндізгі уақытында 4 сағат уақытқа тегін арнаулы әлеуметтік және медициналық қызметтерді көрсетеді. Бүгінде бір топта 30 адамға дейін 2 ауысымда қызмет көрсетілуде. Карантин талаптарына сәйкес күндізгі стационар негізінде жасақталған орталықта 65 жасқа дейінгі зейнеткерлер қамтылған. Қызмет алушыларға фито-бар бөлімінде жүрек, асқазан, бауыр, бүйрек құрылысына арналған емдік шәйлар беріледі. Сондай-ақ тұз кешенінің қызмет алушылардың ағзасына пайдасы зор. Атап айтар болсақ: бронхит, бронхиалды астма(демікпе), аллергиялық ринит сырқаттарына көмегі орасан,- дейді «Асыл жүрек» әлеуметтік – медициналық орталығының директоры Мауия Алданазарова.Әлеуметтік – медициналық орталықта емдік денешынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисі, тренажерлық жаттығулар да қарастырылған. Күн тәртібіне сәйкес осы жаттығулардың арасында компьютерлік сауаттылық және қазақ, ағылшын тілін үйрету курстары өткізіледі. Қызмет алушылардың кино, сенсорлық бөлме, кітапханада демалуға да мүмкіншіліктері бар. Психолог маманынан кеңес алып, психологиялық тренингтерге қатыса алады. Белсенді өмір сүру ұзақтығын қалыптастыру мақсатында дендросаябаққа, театр және спорт кешені мен бассейнге бару кестесі түзілген.Мүгедек балаларын асыраушы ана, қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, БАҚ өкілдері мен азаматтық белсенділер және блогерлерден құралған комиссия тобы қала басшылығының бастамасымен әлеуметтік саладағы басшылық орындағы бос лауазымдарға үміткерлерді іріктеу мақсатында құрылған болатын. Бүгінгі шара барысында «Асыл жүрек» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына осыдан екі ай бұрын тағайындалған директордың қызметі мен зейнеткерлерге көрсетіліп жатқан қызмет сапасын бақылаған комиссия мүшелері жалпы оң бағаларын берді. Өз тараптарынан осы іспеттес орталықтарды қаланың барлық аудандарынан ашу ұсыныстарын білдіріп отыр. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков мекеме басшылығына комиссия мүшелері тарапынан айтылған барлық ұсыныс-тілектерін ескеріп, жүзеге асыруларын тапсырды. – Орталық директорының кандидатурасын осы комиссия мүшелері бірауыздан қолдаған болатын. Сынақ мерзімінде іскерлігін дәлелдеп, көптің үмітін ақтай білді. Қоғам белсенділерінен құралған тәуелсіз комиссия мүшелерінің сыны мен пікірі аса маңызды. Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс атқаратын боламыз,-деді Ерғали Дәулетбекұлы.Комиссия алдағы уақытта қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қатысты басқа да мекемелерге барып, жұмыс барысын бақылайтын болады.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ 103 ҚЫЗМЕТІ QR – КОД ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛДЫ

azatmedia

Леңгірде Әл-Фарабидің алып суреті пайда болды

azatmedia

АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР МҰҚАН ТУРАЛЫ

azatmedia