Соңғы жаңалықтар

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ ЕРЛІГІ

Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Рес­публикасы Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1927 жылы арнайы шешімімен Қажымұқанға «Қазақ даласының батыры» деген құрметті атақ берілді.
Патриот ағамыз ел басына ауыр күн туған Отан соғысының отты жылдарында жасының егде тартып қалғаны­на қарамастан, тағы бір ерлік іс жаса­ды. Ол белін бекем байлап, ел аралап, өнер көрсетіп, одан жинаған қаржыға ұшақ жасатып, майданға жіберді. Сөй­тіп, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты. 1944 жылдың 29 қыркүйегінде Мемлекеттік Қорғаныс комитетіне жолдаған хатында Қажымұқан: «Біздің қаһарман қызыл Армия сүйікті Отанымыздың жаңа аудандарының бірінен соң бірін фашист басқыншыларынан азат етіп, неміс-фашист басқыншыларына қи­рата соққы беріп жатқан күндерде мен, өмірімнің елу бес жылын спортқа арнаған палуан, Жеңіс күнін жақындату үшін еңбекпен тапқан 100 мың сом табысымды Қорғаныс қорына тапсырдым», – деп жазған.
Қажымұқанның хатына Мем­ле­кет­тік Қорғаныс комитетінен жа­уап жедел­хат келді. Онда былай де­лін­ген: «Оңтүс­тік Қазақстан облысы, Шәуілдір ау­даны, «Ақтөбе» колхозы, Қажымұқан­ға: «Қызыл Армияның әуе күштеріне көрсеткен қамқорлығыңыз үшін менің сәлемдемемді, алғысымды қабыл алыңыз, жолдас Қажымұқан. Тілегіңіз орындалатын болды. И.Сталин».
Сөйтіп, палуанның жинаған қаржысына өзі жас кезінде бірінші кәсіби күресін бастаған Қазан қаласында ұшақ жасалды. Бұл ұшақ 1945 жылдың бас кезінде 1-ші Белорус майданындағы 284-ші авиация 701-ші түнгі бомбардировщиктер авиапол­кінің құрамында шайқасып жүрген қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаев­қа табыс етілді. Ол Қажымұқан сый­ға тартқан ұшақпен 120-дан астам жауынгерлік тапсырма орындады. Ақырында, әскери әуе күштерінің басқа да машиналарымен бірге 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысады. Ал сол ұшақтың ұшқышы Қажытай Шала­баев соғыстан қайтқан соң Қажымұқан ағасымен кездесіп, дәмдес, сәлемдес болып өтті.

Қалиәкпар Әміржанов,
Қазақстанға еңбегі сіңген дербес зейнеткер,
мәдениет­танушы, ҚР мәдениет қайраткері. Адырна.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕК ИНСПЕКТОРЛАРЫМЕН 150-ГЕ ЖУЫҚ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

azatmedia

АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚ КӘСІПОРЫНДАРЫ «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖҰМЫС КҮШІМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

azatmedia

Мейрамханада ұсталған министр қызметінен кетті

azatmedia