Сәбит Мұқановтың: «Қажымұқан «мынау пәлен жерде, мынау түген жерде түскенім еді деп қалтасына пәшкелеп салып алған фотокарточкалар көрсетеді», – деп басталатын ғажап естелігі бар. Сол естелік: «Қалың елдің ішінде Қажымұқан үш қасқырды оң қолымен, үш қасқырды сол қолымен желкелерінен қапсыра ұстап, басынан асыра жоғары көтеріп тұр. Сібірдің үлкендігі тайдай қасқырлары», – деген сөздермен әрі қарай өрбиді.
Қысқасы, Қажымұқан Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында тұрмыстан қатты таршылық көреді. Бұл 1921 жылдың қысы болса керек. Қажымұқан Керекудегі қыпшақ ағайындарын паналайды. Онда да күйі болыңқырамай, оның үстіне Ресейдің көрші Славгород қаласына цирк келіпті дегенді естіп жолға шығады. Ондағы ойы – өзі де цирк палуаны, келген цирк құрамына ілігіп, тұрмыс таршылығынан құтылу болса керек.
Сөйтіп жамағайынынан сұрап алған қоңсыз атқа шана жегіп, оған әйелін жайғастырып, Славгородқа тартады. Бірнеше күннен соң Сібірдің қалың тайгасына ілігеді. Болдырған атын шылбырынан жетелеп ну орманның ішімен күні-түні тоқтамай ілби береді. Сондай түндердің бірінде Қажымұқанды үйірлі қасқыр қамайды. Олар әп-сәтте жегулі атты шыңғыртып жарып тастап, іле-шала Қажымұқанның өзіне шабады.
Қажымұқан әйелін шананың қорабына тығып қорғануға әрекет жасайды. Көзіне қан толған аш қасқырлар палуанның үстіндегі күпісін дар-дар айырып, басына шапшып талай бастайды. Сол кезде бағанадан бері қорқақтай қайрат қылған Қажымұқан шындап кәріне мінеді. Ашу буып, қаһарына мінген ол қолына іліккен қасқырларды бір-біріне былшылдатып соға беріпті, ұра беріпті. Содан қасқырларға жан керек… қашыпты. Таң ата қараса, арбаның айналасында азу тісі ақсиып алты қасқыр жайрап жатыр дейді. Әлгі қасқырларды шанаға тиеп, үстіне әйелін отырғызып шананы өзі жаяу сүйреп ауыр бейнетпен Славгород қаласына жетіпті. Сөйтсе цирктің келгені рас екен, сәті келгенде бастығынан бастап, әртістеріне дейін Қажымұқанның таныс-тамырлары болып шығыпты.
Олар Қажымұқанды құшақ жая қарсы алып, суретке түсіріпті… Сәбит ағамыз естелігінде осылай дейді. Кейіннен осыны Қажымұқаннан сұрапты. «Сәбит ініңіз осындай әңгіме жазыпты. Рас па?» деп. Сөйтсе, палуан бұл сөзді жоққа шығарыпты. Кім біледі, алып, мықты адамдар кейде өзінің ерлік істерімен мақтанғысы да келмейді ғой. Қажымұқан қара күштің ғана емес, мол парасат иесі де болған деседі.
Жадыра Нармаханова
(«Ақ желкен», №8. 2014 жыл)