Ордабасы ауданының орталығында «Самұрық» аллеясында ұлттық қолөнер мен өнерлі жастардың шеберлігін насихаттауға арналған көрме Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалғасуда. Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев шеберлердің туындыларымен танысу үшін арнайы бұрылды. Көрменің мақсатына тоқталған аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қазақтың тұңғыш кәсіпқой балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай ауданда атқарылған жұмыстар барысын баяндап, алдағы жоспарларды таныстырды. Әлімжан Сейітжанұлы ұлттық қолөнерді насихаттап, оны дәріптеудегі еңбектері үшін ұстаздарға ерекше алғысын жеткізді. Сонымен қатар, аудан басшысының өңірді дамыту жолындағы бастамаларына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, аудан тұрғындары ашық аспан астындағы көрмені Темірлан ауылындағы «Самұрық» аллеясында күнделікті тамашалай алады. Ашық аспан астында қолөнер бұйымдары мен сурет галереясы. «Жақсыны көрмекке» дейді дана халқымыз, мұндай керемет бастаманы Темірланға жолыңыз түссе, келіп көруіңізге болады. Себебі, игілікті шара жыл соңына дейін жалғасын табатын болады.