Соңғы жаңалықтар

Балуан Шолақ пен Қажымұқанның кездесуі

Мұңайтпас дүниеден өтті. Қажымұқан шет жұрттарды аралап, күресіп жүрсе керек, суық хабар алысымен суыт елге оралады. Қаладағы жаңалықты даладағы елдің бұрын еститін әдеті емес пе. «Патшаның балуаны Қажымұқан Қызылжар-Көкшетаулап келе жатыр» деген дақпырт тарады. «Патша балуанын» тым болмаса, түстендіріп жіберуді абырой-дәреже көрген бай адамдар жолын тосып әлек. Бірінен соң бірі іліп әкетіп жатты.

Бұл хабар Балуан Шолаққа да жетеді. Балуан: «Маған қалай да келеді, сәлем береді», – деген оймен қам жасап, қатты күтеді. Өйткені, күре жол Тастыөзек қонысында отыратын Балуан Шолақ ауылын іргелей өтеді. Демек, Қажымұқан былай да, былай да келуі керек.

Бірақ Қажымұқанды атығай байы Әлжан мен керей болысы Сатыбай бұрып әкетеді. Бұл іс Балуан Шолақтың қытығына тиеді. «Әке қазасы қиын-ау, қайғырып келе жатқан адам емес пе, кейін оралғанда соғар!» – деп күтіп отырады. Бірақ та үміті ақталмады. Қажымұқан төте Ақмолаға аттанды барады деген хабар алады.

Балуан Шолақ түн ішінде атқа қонады. Суыт жүріп отырып, таңға жақын Қажымұқан қонып жатқан Шортандағы Шаймерденнің үйіне тұмсық тірейді. Дүрсілдеген қақпа дауысынан оянған үй есі Шаймерден:

– Апыр-ай, Батыр, жеті түн ішінде елдің зәресін ұшырып, бұл не суыт жүріс? – деп қалжындай қарсы алады.

Ширығып келген Шөкең басқа сөзге айналмай:

– Әлгі Қажымұқан деген көргенсіз осында ма? – деп сұрайды да, осында екенін білген соң: – Ендеше мені қазір тура соның жатқан жеріне бастап апар. Есіңе тұт, менің де кім екенімді тісіңнен шығармайсың, оның атын да ауызға алмайсың! – дейді еркін сөйлеп.

Қажымұқан, қадірлі қонақтарға арналған түкпір бөлменің тақ төрінде, белден салынған құс төсекте дөңбектей дөңкиіп жалғыз жатқан-ды. Есік ашылады. Бөлме ішіне жарқырап жарық түседі. Шөкең босағадан аттай тоқтап:

– Уа, Шаймердан, немене, үйіңде қонақ бар ма еді? Тап төріңде күмпиіп жатқан кім бұл? – дейді, кім екенін жорта білмегенсіп. Үй иесі:

– Осында, бір жолаушы мейман еді, – деп сылқ еткізіп қоя салды.

– Е, сонда, бір үйді бір өзі алып, үлде мен бүлдеге оранып жататын, соншалықты не қылған – мейман ол?

Қажымұқан жата беруіне енді болмай қалып еді. Жорта ұйқыдан жаңа оянып кеткенсіп, көзін сығырайта ашып қарады… Босағаға сүйеніп біреу тұр, – адам емес сурет. Баста сусар бөрік, үсте омырауы ашық жібек шапан, аяқта өкшесі сынық сүйем, күміспен күптелген көк сауырлы, кісі құны дерліктей кебіс.

– Ей, Шаймердан , малдың қарны жуан, басы үлкені – соғым, адамның қарны жуан, басы үлкені – боғым деуші еді, сенің мына қонағыңның қарны кебежедей, басы қара бақырдай бірдеме екен, сірә, нағыз боғымның өзі болар…

Қажымұқанда үн жоқ. Өзіне шүйіліп, сөзбен піспектеп тұрған жанның осал емесін іші сезіп-ақ жатыр, ал бірақ дәл осы Баулан Шолақ болар-ау деген ой оған қайдан келсін?! Кім де болса ойсаң денесін көрсетіп-ақ жүрегін шайлықтырып тастамақты ойлап, көрпені төменірек ысырып, бұлшық еті білеу-білеу балуан білегін, есіктей кең кеудесін жалаңаштайды.

Оны көрген Шөкең қарқ-қарқ күледі:

– Ойбай-ау, мына жаманның түріне қараңдар! Әй… Осының өзі балуансымақ бірдеме болмағай… Менімен күресемісің? – дейді.

Қажекең бұдан әріге шыдай алмайды. «Күрессем, күресемін!» – деп, шамырқанған қимылмен көрпені серпе лақтырып тастап, сілкіне тұрады.

Шөкең сол босағаға сүйеніп тұрған күйі:

– Шаймердан, қане, бізге екі қыл шылбыр әкел, арбиған мәстекі неме екен, өнерін көрейін! – дейді. Екі шылбырдың бірін Шолақ Қажымұқанға «ал ұста» деп лақтырды, бірін шапан сыртынан беліне өзі байлай бастады…

Қажымұқанның көзі Шолақтың аяғындағы кебісіне түседі.

– Аға, аяғыңыздағы кебісіңіздің өкшесі тым биік екен, омырылып кетер, шешсеңіз қайтеді? – дейді.

– Кет, ит, сөйлемей! – деп, Шөкең қатты қайырып тастайды. – Сенімен ұстасуға жарамаған кебісті мен кисем-ау.

Бір емес, екі емес, әбден басынып біткеніне ызасы қозып, ширыға жақындай берген Қажымұқанның беліндегі шылбырға Шөкеңнің қолы сарт етіп бұрын тиіп қалады. Сол сәтте Қажекең ышқына дауыстап жіберіп:

– Ойбай, аға, Сіз Балуан Шолақ емессіз бе?!

– Енді кім деп едің!

Қажымұқан еденді омырып жібергендей дүрс еткізе, жалп етіп отыра кетеді. Жалма-жан екі қолын көкірегіне басып:

– Ойбай, аға, менен бір ағаттық болды, мен жығылдым!.. Мен жеңілдім!

Сол, сол-ақ екен, Балуан Шолақ оны жерден алып, жерге салады.

– Оңбаған ит!.. Сен ит болмасаң, мені басымнан аттап кетер ме ең! Әуелі маған келмес пе ең, сәлем бермес пе ең?! Содан кейін Мұңайтпас ағам орнына сені өзім алып бармас па ем! Көркейіп бармас па ең сен!.. Сасық байлардың итаяғын жалайсың!

Қажымұқан ләм-мим демейді. Не десін, кінә өзінен. Оны осы арада ғана түсінеді.Қолынан бар келгені, ағаның аяғына жығылып, кешірім сұрау ғана.

– Қанеки, тұр-дағы, тез киін! – деп әмір етеді оған Шөкең. – Қазір жүреміз!.. Әке қазасына асығып келе жатқан Қажымұқан ләм демей балуан ағасына ілесіп жүре береді.

Естай Мырзахметовтің мақаласынан үзінді
«Жұлдыз» журналының 1989 жылғы 9-саны.

ult.kz

Қатысты жаңалықтар

Poultry, Egg Industry Responds To Consumer-driven Challenges

azatmedia

Әлемдегі ең ақылды адамдардың қатарына кірген қазақ туралы не білеміз?

azatmedia

ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ

azatmedia