Соңғы жаңалықтар

«Балам, қорықпа, мен Қажымұқан атаң боламын…»

Самайын күміс қырау шалған 93-тегі Мақпал әже бізді есік алдынан өзі күтіп алды.

«Ауылға алты жасар бала келсе, ақ сақалды қария сәлем бере барған» дала заңын бұлжытпай орындаған ананың бұл қасиетіне тәнті болдық. Құда-құдағилары – Жұмаш, Ілескүл, Ескендір қария, ұл-қыздары бейне мерекеге жиналғандай, шағын ауланы шаттыққа бөлеп жіберіпті. Амандық-саулықтан соң әжемен әңгімеміз басталып кетті.

Мақпал Берсүгірқызы 1926 жылы 26 ақпанда Созақ ауданы, Жартытөбе ауылында – бұрынғы «1 Май» ұжымшарында дүниеге келген. Еңбекке ерте араласып, ұжымшарда кетпен шауып, егіс егіп, сиыр сауған. Мақпал әже бес ағайынды болыпты. Үлкені Маман, одан кейін Өтжан, Амангелді, Торқа, Мақпал. Әжеміз кейінірек тұрмыс құрып, отағасының шаңырағын «би түсетін үйге айналдырып», қазақтың талай жайсаң-жақсылары төрінде қона жатып қонақ болған екен.

– 1945 жылы мамырда атаң Білдаш Ұлы Отан соғысынан аман-сау оралып, отбасын құрдық. Жолдасым атадан екі ағайынды еді: Ыбайхан, Білдаш. Ыбайханнан Төрехан, одан доғдыр балам Нұрлан бар.

1947 жылғы көктемнің соңы. Іңір түсе сиыр сауып отырғанымда көшеден арбаның сықыры естіліп, үй іргесіне келіп тоқтады. Арбаның үстінде басы қазандай, денесі таудай, қарны қанар қаптай алып адам отыр. Көлбей кесіліп кеткен маңдайы тыртық болып бітіп, сұсты көрсетеді екен. Қасында әйел мен арбаның тізгінін ұстаған бала бар. Қорыққанымнан состиып тұрып қалыппын.

– Балам, қорықпа, балабастықтың үйі қайсы? – деді алып адам.

– Осы үй.

– Онда біз алыстан жол соғып шаршап келген жолаушымыз. Көлеңкеге жай сал, аздап демалайық. Мен Қажымұқан атаң боламын, – деді.

Ол кезде Білекеңді колхозшылар жасына қарай «балабастық» деп атайтын. Үйде ешкім жоқ. Ұжымшар бастығы науқастанып, отағасы екі жұмысты қатар алып жүрген. Состиып тұрғанымда «Қажымұқан келді» деген хабарды естіген адамдар аулаға қараңдап жиылып-ақ қалған екен. Бірі үйден киіз әкеліп жайып, көрпеше, жастық алып шығып, екіншісі самаурын тұтатып жатты. Есберген деген бригәд кісі ұжымшардың екі-үш атын «запаста» ұстап, күтім жасайтын. Ол аттарды ауданнан келген уәкілдер, шаруашылықты аралаған басшылар бір-екі күн мініп, қайтарда қалдырып кететін кәдуілгі қызмет көлігі еді. Соның біріне балалардың естиярын мінгізіп, Білекеңе хабар жібердік. Білекең тап сол күні тауда ұжымшардың мертігіп қалған ірі қарасын басында тұрып сойғызып, өзі жайғасып жүр екен. Үйге қонақ келді деп сұрап алған, су диірменге тартқан бір пұт бидай ұны мен жаңа сойылған сиыр етін арбаға артып өзі де жетті.

Қоржын тамның есігінен Қажымұқан балуан әзер сыйып ішке енді. Балуанды төрт күн күттік. Осы күндерде таудан тас жинатып, оны қарнына қойдырып, ауыр балғамен ұрғызып, талқандаттырды. Ұзын темірдің екі жағына адамдарды үшеуден «ілдіріп» қойып басымен көтерді, иығынан иығына ауыстырып шайқап-шайқап түрлі өнерін көрсетті. Үстінен тас артқан машинаны жүргізіп, жиылған жұртты таң-тамаша етті.

Қажымұқан атамыздың құдіретіне, әсіресе, мына екі көрініс арқылы таң қалдым. Көлеңкеде төрт айлық ұлым Сейілханды қарнына жайғастырып алып, ыңылдап ән айтып отырды да, кенет:

– Өй, мына пәтшағар үстіме жіберіп қойды-ау, – деп аяғынан ұстап, есіктің алдында қаумалап тұрған көпшілікке қарай лақтырып жіберді. Бірнеше кісінің арасынан ұлымды өзім қағып алыппын. Екінші таң қалғаным, өрістен қалып қойған қозы-лақтар үйдің іргесінен ары-бері өтетін. Қажекең жерден асықтың көлемінен кішірек бір тасты іліп алып лақтырып жібергенде ішіндегі бір қара қасқа қозыға тиіп, орнынан тұра алмай қалғанын көзім көрді. Бұл жәйт балуанның қолының біреуге қатты, біреуге жұмсақ тиетін қасиетін білдірсе керек. Сол Сейілханым 37 жасында өмірден өтті.

1961 жылы Жартытөбе тауының Майбұлақ жайлауында отырған бес-алты үй сиыр сауып, өкіметке сүт, айран, құрт-ірімшік, май өткізетін едік. Бір күні ойламаған жерден жайлауға бір машина қонақ келді. Шопырдан өзге төрт әйел кісі, сосын қарапайым жігіт ағасы. Бұл – аты сол кездің өзінде-ақ қалың қазаққа кәдімгідей танылып қалған атақты композитор Шәмші Қалдаяқов екен!

– Шырағым, замандас боларсыз? Шөлдеп келдік, айран құйып берсең дұрыс болар еді, – деді.

Бәрі жағалай сусын ішіп, шөл басып, аз-кем тыныстаған соң тауға шығып кетті. Біздің мал сойып, ас қамына кіріскелі жатқанымызды байқаған әлгі кісі «замандас, егер қуырдақ істесең, қазақша болсын» деді. Қазақшасының мәнісі картоп, сәбіз, шөп-шалам қоспа дегені екен. Кешке дастарқан басында әлгі төрт қыз ән шырқады. Қыздығой деген апамыз Шәмшіге «атың мен даңқыңды ел біледі, бір ән салып берсеңші» деді.

– Апа, Алла тағала біреуін берсе, екіншісін бермепті. Мен ән шығарғаныммен, айта алмаймын, ренжімеңіз, – деді.

Мен ауылдың алты ауызы ретінде «Сыр сұлуын» шырқадым. Сонда үнсіз тыңдап отырған Шәмші «замандас, шелегіңді, үстіңдегі халатыңды таста да, машинаға мін» деді әзілдеп, – дейді Мақпал әже өткен күндер естелігінен сыр шертіп.

Көрнекті жазушы, осы Аққолтық ауылының тумасы Сәуірбек Бақбергеновтің де жиі келетін, апталап қона жатып кететін үйі де осы Білдаш Қалдарбеков атамыздың шаңырағы болған. Екеуі майданға бір күнде бірге аттаныпты. «Сәуірбектің ұрпақтары да елге келген сайын әкесі жиі қонатын біздің шаңыраққа соқпай кетпейді» дейді Мақпал әже.

Енді төрінен әр кез тұлғалар табылған шаңырақ иесі Білдаш ата туралы бірер сөз… Ол 1920 жылы Аққолтықта дүниеге келген. 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, 1944 жылдың сәуір айында майданнан ауыр жараланып, елге қайтады. Бір ұрыстың кезіндегі қолма-қол шайқаста жауды жеңіп, 100-ден астам немісті үш солдат тұтқынға түсіреді. Осы ерліктері үшін өзге ұлт өкілдеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, созақтық майдангерге бұйырғаны «Ерлігі үшін» медалі болыпты… Бұл кешегі қызыл өкіметке қарсы көтеріліс жасаған Созаққа таңылған қара таңбаның «жемісі» еді. Бірнеше рет жараланған старшина Білдаш Қалдарбеков Висла өзенінен өтіп, Варшава қаласын азат етуге қатысады. Тереңдігі кісі бойынан асатын Висла өзенінде тастай суық судың ішінде төрт күн бойы тікесінен тік тұрады. Ары-бері жүруге мүмкіндік жоқ, жау мергені қапысыз аңдып тұр. Қимылдаған бір-екі жауынгер көз алдында опат болды. Ақырында сумен ағып келе жатқан ағаш бөшкенің ішіне жасырынып, қарсы бетке әзер шығып, аман қалады. Сол жолғы ерен ерлігі үшін Сталинның қолы қойылған Алғыс хатпен марапатталған. Ал, соғыстан кейін ұжымшарда есепші, ауылдық Кеңестің хатшысы, ауылдық Кеңестің төрағасы, аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды.

Ал, Мақпал әже он бір құрсақ көтерген екен. Сейілхан, Сапархан, Саттархан, Оразхан, Тамара, Әуесхан, Бердіхан. Асан, Үсен деген егіз ұлы, Сәнім, Әсем деген екі қызы жастай шетінеп кетеді. Алланың бергеніне де, алғанына да шүкірлік етіп отырған жайы бар. Бүгінде белгілі айтыс ақыны Қалижан Білдаш – Білдаш атамыз бен Мақпал әженің сүйікті немересі. Айтыскерлік, ақындық, әншілік өнері Шәмшіні тұнық даусымен таңдандырған Мақпал әжесінен дарыса керек. Әжеміз бүгінде 24 немере, 37 шөбере, 2 шөпшек сүйіп, әулеттің ұйытқысы, жақсылар түскен үйдің бойтұмары болып отыр.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ, Оңтүстік Қазақстан.

Қатысты жаңалықтар

АРНАЙЫ ТОП ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫН АРАЛАП КӨРДІ

azatmedia

«ҮЗДІК ЕҢБЕК ӘУЛЕТІ» ДАУЫС БЕРУГЕ КЕЛДІ

azatmedia

Оралда әскери сарбаз өз-өзіне қол жұмсады

azatmedia