Қажымұқанның алып палуан ғана емес, сонымен бірге, ғажайып цирк әртісі ретінде де аса танымал болғаны анық. Ол небір қызық та қауіпті, қиын да таңқаларлық қойылымдармен көрермен алдына шыққан, цирк манеждерінде өнер көрсеткен. Жары Бәтима апайдың естелігіне сүйенсек, Қажымұқан қалыңдығы бір еліден жуан сом темірді мойнына галстук, беліне белбеу қылып орап, темірді қамырдай илесе, Парижде цирк алаңына мініп шыққан түйесін арқасына салып, қайта алып кеткен. 75 пұт жүк тиелген арбаны тісімен сүйреп, сахнаға шыққан.
Адам баласына бітпеген алып кеудесіне 20 пұттық тас қойғызып, екі пұттық балғамен уаттырған, тақтайдың астына жатып, оның үстінен адам толы автокөлік жүргізген. Және бұл өнерлерінің бәрін Қажымұқан еш қиындықсыз-ақ көрсеткен. Орыстың атақты палуаны Иван Заикиннің «ғажап көпір» деп аталатын қиын нөмірін палуандар арасында тек Қажымұқан ғана орындай алыпты. Палуан өзін тірідей молаға салдырып, топырақ астында 30 минут жата алады екен. Бұл нөмірін ол 1936 жылы Қызылжар қаласында соңғы рет орындаған.
Өмірінің соңғы жылдарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Темірлан ауылында күн кешкен палуанды күш сынасып көрмек болып,іргелес елдерден арнайы іздеп келетін спортшылар да болыпты. Бірақ сол кезде жасы 74-75-ке келіп қалған Қажекеңе жергілікті басшылар: «Жасыңыз болса, ұлғайды. Сізді бүкіл әлем таниды. Қазақтың, бүкіл Кеңестер Одағының мақтанышысыз. Енді күресуді тоқтатыңыз. Қартайған шағыңызда жығылып қалсаңыз, барлық абыройдан айырылып қаламыз» деп қолқа салса керек.
Содан кейін күресуді қойғанымен, Қажекеңнің өнерін көрсетуді өле-өлгенше тоқтатпағанын көзкөргендер бүгінде ерекше тебіреніспен айтады. Мысалы, Шілік ауылының тұрғыны Ихан Исаевтың: «Қажекең ауыл адамдарына өнер көрсетер алдында бойын сілкілеп кеп жіберетін. Қатты сілкігенде үлкен қарны жіптіктей болып жиырылып қалатын. Тіпті екі қолы мен екі аяғы да шымырланып кететін. Ал керілген мезетте мойны құрықтай болып шыға келеді. Бұлшық еттері білем-білем болып кететін. Палуан алаңға шыққанда тек спорттық үлгідегі киімімен, яғни қысқа іш киім және майкамен шығатын. Сондай кездерде еркектің үстінен тек қазақша тігілген кең дамбалды ғана көретін ауылдың әйелдері: «Ойбуй-й, ұят болды-ау, ұят болды-ау. Палуан осындай екен-ау!» – деп беттерін баса қоятын», – деп еске алғаны бар.
Дереккөз: alashainasy.kz