Аты аңызға айналғаны соншалық, бүгінгі ұрпаққа ертегі батырындай болып елестейтін Қажымұқан бабамыздың сырт бейнесі де ерекше болғанға ұқсайды. Бұл ретте Қажекеңді спорт журналисі И.Д.Булгаков: «Ол Геркулес десе, дегендей екен. Бір қарағанда, ол адамнан гөрі, шойыннан құйған сом тұлғаға ұқсайтын сияқты, бойы ұзын және қанжырдай тартылған.
Бұлт-бұлт ойнаған бұлшық еттері бір керемет!» – деп сипаттаса, жазушы Дихан Әбілев: «Жартас кеудесі жалғанның жартысындай, бұлшықты білектері дөңбектей, бура сан, піл сирақ денесіне лайық құж-құж құлақтары, жырым-жырым еріндері жартасқа түнеген қара бұлттай қалың қабағының астында жанған ошақтай қос жанарлы ұясы үлкен екі көзі, соқтала біткен сом бітімді мұрны – бәрі-бәрі ертегіден естіген дәулеріміз тәрізді қияпат береді», – деп суреттейді.
Осыған қарап, жұртшылықтың Қажымұқанды тек қана «қара күш иесі» деп ойлайтыны рас. Шындығында, Қажекең ақындығы, әншілігі, сөзге ұсталығы бір басына жетіп-артылатын сан қырлы тұлға болыпты. Мәселен, Қажымұқан өмірін зерттеушілердің бірі, әдебиетші-ғалым Ә.Қоңыратбаев: «Қазақтың қара сөзіне, ұтымды әзіліне Қажекеңнен ұста адамды сирек кездестірдім. Мақал-мәтелдерді, ел аузындағы шешендік сөздерді араластырып, орынды қолданатын. Әзіл үстінде біреуді сөзбен ұтып кетуге де ұста», – дейді.
Сонымен бірге ол өте қазақы, мейлінше табиғи адам болған. Біреуге сеніп қалса, оған шық жуытпаған, ал өтірігін бір байқаған адамға ешқашан қайтып сенбеген. Батырларға тән аңғалдығы да басым Қажекең көңілді отырған кезінде жастық шағынан естелік айтып, қызықты әңгімелерімен айналасын серпілтіп отырған. Және ол кісінің құлаққа жағымды қоңыр даусы болған және көбінесе домбырасын қолына алып, ғашықтық әндерін, әсіресе Балуан Шолақтың «Ғалия», Біржан салдың «Жонып алды», Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әндерін айтқан. Осы орайда, Қажымұқан жайлы еңбек жазғандардың бірі, белгілі жазушы Сәуірбек Бақбергенов: «Оның қолынан Қаратаудың үшқатынан жасаған кішкене сұр домбыра түспейтін. Күй емес, қоңырлата әдемі саз тартатын. Кейде оған қосылып, үңгірден шыққан дауыстай, күмбірлеген қоңыр үнмен ән салатын», – деп жазған.
Дереккөз: alashainasy.kz