Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ордабасы ауданында ашық аспан астындағы өнер галереясы өз жұмысын бастады, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «anyqtimes.kz» ақпараттық агенттігі.
Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған галереяда ауданның қолөнер шеберлері мен суретшілер өз туындыларын көптің назарына ұсынады. – Қолөнерді дәріптеу – аудан брендін қалыптастырудың алғышарты. Аудан басшысының бұл бағыттағы бастамасы жаңа кәсіптің басталуына, ұлттық қолөнердің жаңа деңгейде дәріптелуіне жол ашады деп білемін, – деді көрмені арнайы тамашалауға келген аудандық мәслихаттың депутаты Ғани Райымбеков.
Аудан тұрғындары ашық аспан астындағы көрмені Темірлан ауылындағы «Самұрық» аллеясында күнделікті тамашалай алады. Ашық аспан астында қолөнер бұйымдары мен сурет галереясы. «Жақсыны көрмекке» дейді дана халқымыз, мұндай керемет бастаманы Темірланға жолыңыз түссе, келіп көруіңізге болады. Себебі, игілікті шара жыл соңына дейін жалғасын табатын болады.