Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға және жұмысшы мамандықтардың беделін нығайтуға бағытталған «Еңбек» фотокөрмесі және Инновациялық Хакатон өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы аясында және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылды. Аталған шараға университет ректоры Жанар Темірбекова қатысып, оқу орданың дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғысын білдіріп, жұмысшы мамандарды Алғыс хаттармен марапаттады.
«Еңбек» фотокөрмесі еңбек адамын дәріптеуге арналды. Көрмеде 40-қа жуық кейіпкердің күнделікті еңбегі бейнеленген фотосуреттер қойылды. Атап айтқанда, оқу орнының шаруашылық-техникалық саласында еңбек ететін қызметкерлеріне ерекше назар аударылды. Олардың қатарында университет ашылғалы бері 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар бар.
Фотожобаның негізгі кейіпкерлері – қазандық пен су қоймасының операторлары, құбыр жөндеуші, еден жуушы, бағбан, сушы, агротехника жүргізушісі, аула сыпырушы, ағаш шебері, жатақхана кезекшісі және тағы басқа мамандар. Бұл фотокөрме – Ахмет Ясауи университеті басшылығының идеясымен жүзеге асып жатқан «Еңбек» медиажобасының бір бөлігі. Оқу орны мен Beine.Pro интернет журналының бірлескен шығармашылық жобасы.
Фотосуреттерді университеттің «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенттері және университет фотографы Нақып Шынтеміров пен Beine.Pro-ның визуал контент продюсері әрі фотожурналисі Әйгерім Бегімбет түсірді. Алдағы уақытта beinepro.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда Ахмет Ясауи университетінің «Журналистика» кафедрасының практик-оқытушысы, Beine.Pro мультимедиа редакторы Жанерке Хумардың тәлімгерлігімен студенттер дайындаған репортаждар мен рилс видеолар жарияланады.
Сонымен қатар, оқу орнының Коммерцияландыру офисінің бастамасымен өткен Инновациялық Хакатон шарасына оқушылар, студенттер, жас мамандар мен жаңашыл идея ұсынуға ынталы жастар қатысып, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жобаларын ортаға салды.
Хакатонға қатысқан 20-ға жуық команда ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру бағыттары бойынша нақты әрі қолданбалы шешімдер ұсынды. Қатысушылар қысқа уақыт ішінде идеяны пысықтап, оны инновациялық жобаға айналдыру арқылы өздерінің кәсіби біліктілігі мен командалық жұмыс дағдыларын көрсетті. Ұсынылған жобалар идеяның өзектілігі, техникалық жүзеге асырылу деңгейі, жаңашылдығы, практикалық маңыздылығы және таныстырылым сапасы бойынша сарапшылар тарапынан бағаланды. Ең үздік жобалар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Бұл шараның маңызы өте зор, себебі ол тек еңбек адамдарының еңбекқорлығын ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы жұмысшы мамандықтардың рөлін күшейтуді де көздейді. Еңбек адамдары қоғамның тірегі болып табылады, ал олардың қажырлы еңбегі мен табандылығы ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосады. Осылайша, еңбек мамандықтарын дәріптеу арқылы жастарға осы салада қызмет етудің маңыздылығын жеткізу керек. Әрбір маманның өз саласындағы маңыздылығын түсінуі маңызды, әрі бұл іс-шаралардың әлеуметтік жағынан өзектілігі өте жоғары.
Фотокөрме мен Хакатон бір-бірін толықтырып, жастар мен жұмысшы мамандар арасындағы өзара байланыс пен түсіністікті арттыруға бағытталған. Фотокөрме арқылы жұмысшы мамандықтардың күнделікті өмірде қаншалықты маңызды екенін және олардың қоғамдағы орнының қандай екенін көрсету көзделген. Ал Хакатон жастарға шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, өңірдің әлеуметтік мәселелеріне инновациялық шешімдер ұсынуға шақырады. Бұл шаралар жастардың кәсіби дағдыларын дамытуға және жаңа идеялармен қоғамға пайдалы болуға ынталандырады.
Мұндай іс-шаралар тек қана университет деңгейінде емес, жалпы қоғамда жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Олар жастарды еңбекқорлыққа, патриотизмге және жаңа мүмкіндіктерді іздеуге үйретеді. Осылайша, университеттің ректоры Жанар Темірбекова атап өткендей, білім беру мен инновацияның өзара байланысы қоғамды дамыту үшін қажетті негіз болып табылады. Бұл да өз кезегінде Тәуелсіздік күніне орай жастардың болашағына үлкен үміт пен сенім ұялатады.
