Түркістан облысында биылғы 10 айдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Алдын ала есеп бойынша 10 айда өндірілген жалпы өнім көлемі 4 387,8 млрд. теңгеге жетіп, қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,8%-ды құрады. Осы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада екінші орында тұр.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баяндады. Оның айтуынша, өнеркәсіп өнім көлемі 1 256,8 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 113,4%-ды құраса, өңдеу өнеркәсібінде 593,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 111,2% деңгейінде қалыптасып, жоспарға қол жеткізілген.
– Біздің басты мақсатымыз – Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысын экономикасы дамыған өңірге айналдыру. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және терең өңдеу салаларына басымдық беріп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Өңірде тау – кен өнімі 574,6 млрд. теңге немесе өсім 115,1%-ға жетті. Жоспар (115%) толық орындалды. Ауыл шаруашылығында 1 086,9 млрд. теңгенің өнім өндіріліп, өсім қарқыны 101,7% деңгейінде орын алды. Оның ішінде мал шаруашылығы – 353,5 млрд. теңге болса, өсімдік шаруашылығында 728,0 млрд. теңгенің өнімі жиналған. Облыс экономикасына, 1178,4 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім 124,2%-ды құрады. Жалпы сауда көлемі 688,4 млрд. теңгеге жетіп, өсім қарқыны 148,3%-ды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 450,6 млрд. теңгеге жетті немесе өсім 128,6% деңгейінде қалыптасты. Есепті кезеңде 931,1 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға тапсырылып, өсім 110,2%-ды құрады. Көлік және қоймалау қызметінің жалпы көлемі 445,2 млрд. теңгеге жетіп, 124,8%-ға артса, байланыс қызметінің көлемі 9,8 млрд. теңгеге жеткен.
Республика бойынша көпбалалы отбасылардың төрттен бірі Түркістан облысында тұрады. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарды. Кедейлік деңгейі 4,4 пайызға төмендеді. Биылғы 10 айда 122 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш – өңір экономикасының тұрақты даму қарқынын дәлелдейді.
Түркістан облысы экономикалық даму жағынан айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, республикада алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі ретінде танылуда. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, инвестициялар және құрылыс салаларындағы өсім облыс экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл көрсеткіштер экономиканың әртүрлі салаларындағы тиімді саясат пен мемлекеттік қолдаудың нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы, әлеуметтік жағдайды жақсартуға ықпал етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруда. Облыстың дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейді. Түркістанда әлеуметтік салаларға да үлкен көңіл бөлінуде, бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне, халықтың табыс деңгейінің артуына және тұрмыстық жағдайының жақсаруына септігін тигізді. Сонымен қатар, аймақтағы инвестициялық ахуал мен бизнес ортаның қолайлы болуы жаңа кәсіпорындар ашуға және жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді. Түркістан облысы өз әлеуетін тиімді пайдалана отырып, болашақта одан әрі экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге дайын.
