Түркістан облысында «Ұлттық жоба» аясында инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту үшін 164 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бұл туралы өткен брифингте Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ақтілеу Бекмұратов мәлімдеді.
«Өңірде тозығы жеткен инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту бойынша республикалық «Ұлттық жоба» бастамасы жүзеге асырылуда. Осы арқылы инфрақұрылымдық жүйелердегі авариялар деңгейін 20%-ға, энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейін республика бойынша орта есеппен 40%-ға дейін төмендету көзделген. Бастаманы жүзеге асыру «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ арқылы, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарынан және екінші деңгейдегі банктерден тікелей бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылады деп жоспарланған. Мемлекет тарапынан Ұлттық жобаны іске асыру үшін алдағы 4 жылда 13 трлн теңге бөлінеді. Биыл департамент қызметкерлері облыс аумағында жоспардан тыс 9 тексеру жүргізді. Оның ішінде 8 жоспардан тыс тексеруде заңбұзушылық анықталып, құқықбұзушылықтар бойынша тиісті нұсқама берілді. Ал, жоспардан тыс бір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Жыл басынан бері департамент тарапынан 79 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 48-сі бойынша құқықбұзушыларға қарсы 33 461 410 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның 14 628 824 теңгесі бюджетке өндірілді. Қалған қаражатты өндіру сот орындаушылардың құзыреттілігіне берілді. Сондай-ақ, 31 хаттама сотпен қаралып, оның 17-сі бойынша соттың қаулысымен 11 780 272 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қалған 14 хаттама сотта қаралуда» – деді сала спикер.
Мұндай ауқымды жобалар облысымыздың инфрақұрылымдық жүйесін жаңғырту мен дамытуға үлкен серпін береді. Түркістан облысы үшін бұл қаржылай қолдау тек қана коммуналдық жүйелердің жағдайын жақсартуға емес, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға да бағытталған маңызды қадам болмақ. Тозығы жеткен инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары облыстың экономикалық дамуына өз ықпалын тигізеді. Жобаның аясында бірнеше сала бойынша жұмыстар жүргізіледі: су, электр энергиясы, жылумен жабдықтау және газбен қамтамасыз ету жүйелері. Мұндай шаралар халықтың қажеттіліктерін уақытында қанағаттандыруға, сондай-ақ табиғи апаттар мен апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақтық кәсіпкерлікке де қолдау көрсетіледі. Бұл өз кезегінде облыс экономикасына қосымша қаржы ағындарын әкеліп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жол ашады. Халықаралық қаржы ұйымдарымен және екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп қаржыландырылатын жобаның табысты жүзеге асырылуы Түркістан облысы үшін ғана емес, еліміздің басқа аймақтарына да үлгі боларлық тәжірибе болар еді. Сондай-ақ, заңбұзушылықтар мен құқықбұзушылықтар бойынша жүргізілген тексерулер нәтижесінде айыппұлдар мен әкімшілік шаралар қабылдануы заңның қатаң сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Департаменттің бұл қадамы қоғамда адалдық пен ашықтықты нығайтуға, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалар аясында қаражаттың тиімді жұмсалуына бақылау жасауға бағытталған. Бұл қадамдардың бәрі де еліміздің дамуына оң әсерін тигізетіндігі сөзсіз.
